Түркістан облысында тазалықты қамтамасыз ете алмаған аудан, қала әкімдері ескерту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылы ғарыштан жасалған түсірілім барысында 347 заңсыз қоқыс орны анықталса, биыл олардың саны 400-ден асқан. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында осы түйткілді мәселе талқыланды. Өңір басшысы тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондары қараусыз қалған аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Тазалықты қамтамасыз ете алмай отырғандар облыс әкімінен ескерту алды.
«Күл-қоқысты тазалай алмаған әкімнің басқа тірлігі туралы айтудың өзі артық. Тазалық – табалдырықтан басталады. Айналамызды таза ұстау өз қолымызда. Мәселені бюджетке бұрып қойып, отыру – ақылға қонымсыз. Бұл тірлік – тікелей өз міндеттеріңіз. Тазалықты ретке келтіре алмай отырған әкімдерге шара қолданылсын», – деді ол.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Әбдуалиевтің айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 158 полигон белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда олардың жартысынан астамы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған.
«Халық арасында түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде болмағандықтан ауыл-аймақтарда күл-қоқыстарды кез келген жерге тастап кету фактілері жыл сайын көбейіп келеді. Осы бағытта кемшілікті жою мақсатында жыл басында жұмысшы топ құрылып, аудан, қала аумақтарын аралап, бей-берекет қоқыс орындарын жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді», – деді басқарма басшысы.
Полигондар мәселесін түпкілікті шешу мақсатында Қазығұртта – төрт, Созақта бір полигонның құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Созақ, Ордабасы аудандарында 8 полигон салу жоспарда бар. Сонымен қатар Кентау, Арыс қаласы мен Қазығұрт, Бәйдібек, Келес және басқа аудандарда 37 полигонның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.