$ 494.87  520.65  4.91

Мамандар Алматыдағы әйгілі «алтыншы көлге» алаңдап отыр

Алматыда сел жүру қаупі сейілген жоқ. ҚР БҒМ география институтының директоры Ахметқал Медеудің айтуынша, Мәншүк Мәметова мұздығындағы «нөмірі алтыншы» көл қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды «7 арна».

Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары болса «алаңдауға негіз жоқ, ондағы су деңгейі қатаң бақылауға алынған», деп отыр.

— Үшінші жыл қатарынан біз көктем мезгілінде «нөмірі алтыншы» көлдегі суды ағызып келеміз. Оған арнайы арық та қазылған болатын. Сондықтан сел жүреді деп дүрлігудің қажеті жоқ, — дейді «Қазселденқорғау» мекемесінің сектор меңгерушісі Әділхайыр Ишанов.

Алайда география институтының директоры сел жүру қаупінің бар екенін жоққа шығармайды. Ахметқал Медеудің айтуынша, апаттың алдын алу үшін «алтыншы көлге» жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізу керек. Өйткені, Талғарды басқан топан су дәл осы ғылыми зерттеудің жоқтығынан болған көрінеді. Яғни, еріген мұздықтардың суы жылдар бойы жер астына жиналып, сіңетін жер болмағандықтан жарып шыққан.

— Мұздықтарды, көлдерді зерттеу керек. Ең бастысы тау жыныстарын зерттеу керек. Ол тау жыныстарының арасында қатып қалған мұздар бар. Мұздар ерігеннен жер астында каналдар пайда болады. Сол каналдар жабылып қалғанда су көлдің ықпалымен бұзылып, сел жүреді, — дейді ол.

Ғалымның айтуынша, мұндай зерттеулер барлық қауіпті аумақтарда жүргізіліп, картасы сызылуы тиіс екен. Яғни, соған қарап жыл сайын өзен-көлдер мен мұздықтардағы өзгерістерді бақылап отыруға болады. Алайда, оның айтуынша, бұл жұмыстар үшін қаржы бөлінбейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары