Астанада қос жас кәсіпкер — Қайырбек Жұсамбаев пен Әмірхан Әшеновтердің жобасының тұсауы кесілді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Осыдан 4 жыл бұрын «SummerWork&Travel» жастар бағдарламасы бойынша АҚШ-та велотакси жүргізушісі болып жұмыс істеген екен. Ерекше кәсіптің тиімділігін түсінген инженер мамандар шетелден негізгі бөлшектерді жеткізіп, велотаксиді өз қолымен құрастырып шыққан.
Қазіргі таңда велотаксилердің саны — 10. Кәсіпкерлер болашақта оны 100-ге жеткізгелі жатқандығын жасырмады. Велотаксишілердің қызмет көрсететін жерінің аумағы да көлемді емес — «Бәйтерек» монументі, «Ханшатыр», «Мега» СОО маңы және орталық парк аймағы. Әзірше ешкім оны көлік қатарында көріп жүрген жоқ, керісінше таңсық дүниеге таңданысын жасыра алмай, бір мініп, серуендеп қайту үшін ғана жалға алады. Бағасы да барар жеріңнің алыс-жақындығына байланысты — 1000-2000 теңгенің ар жақ-бер жағы.
Қазіргі таңда веложалдау желісін қалыптастыру жұмыстарының бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Яғни, 40 велотұрақ (200 велосипед) жұмыс істеп тұр. Станциялар сол жағалаудың орталық алаңында орналасқан.