Бразилиялық боксшы Эскива Фалькаоның (30-0, 20 КО) менеджері Сержио Батарелли WBA мен IBF-тен хабарлама алған. Оған сәйкес, оның клиенті орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-2-1, 37 КО) айқасуы тиіс, деп хабарлайды Sports.kz.
Жекпе-жек 120 күннің ішінде өтуі тиіс, жеңімпаз орта салмақтағы WBA әлем чемпионы Эрисланди Ларемен жұдырықтасуы керек.
«Енді ресми жариялаймыз. Мен қазір ғана IBF пен WBA-ден хат алдым. Онда келесі жылдың басында Эскива Фалькао мен Геннадий Головкиннің титулдық жекпе-жегін өткізу туралы келіссөз бастауды бұйырған. 2023 жылдың ақпанында немесе наурызында өтеді деп ойлаймын (тек болжам ғана). Өтетін орны мен уақыты келіссөзден кейін нақты белгілі болады», - деді функционер бразилиялық БАҚ-қа берген сұхбатында.