Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қаңтар оқиғасы бойынша "Рақымшылық жасау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Stan.kz.
Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова өздерінің қаңтар, ақпан айларында тергеу изоляторларына барып, ұсталғандармен кездескенін айтты.
“Депутаттар жастардың негізгі бөлігі қылмыскерлердің, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың қолшоқпары болғанына көз жеткізді. Олар қатты өкініп, өз кінәсін мойындады. Осылайша мемлекет ауыр қылмыс жасамаған қатысушылар үшін жазаны жеңілдетті”, – деді ол.
Халық қалаулысының сөзінше, бүгінгі таңда 1 060 адам сотталды, олардың тек 106-сы нақты бас бостандығынан айырылған.
“Заң жобасының негізгі ережелері бойынша рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгілі болды. Нақты уақыт аралығы белгіленіп, ол 4 пен 7 қаңтар аралығын қамтыды. Құжатта қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз орташа қылмыстар үшін жазадан босату ескерілген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға мерзімдерді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстарға мерзімнің жартысы қысқарады", - деді ол.
Бижанованың айтуынша, егер сотталғандардың заң қолданысқа енгізілген күнге жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзіміне қысқартылады. Амнистия жаппай тәртіпсіздік, ұрлық және басқа да қылмыстарға байланысты баптар бойынша жауапқа тартылып жатқан азаматтарға қатысты қолданылады.
“Бұнымен қоса террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Қазіргі есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық адам ілінді. Басым бөлігі – қарапайым азаматтар", - деді депутат.