Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда өңірлерінде қатерлі ісікке шипа болар емдік шөп көп. Өкінішке қарай, кей түрлері ғылыми түрде зерттелмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дертке дауа болар биологиялық белсенді қоспа әзірлеп жүрген отандасымыз, фармацефт-ғалым Арғынбек Қабылқақ емдік өсімдіктер қорын көбейту керектігін айтады.
Ғалым Арғынбек Қабылқақ емдік шөптерді іздеп, 3 жылда еліміздің барлық аймағын аралап шығыпты. Айтуынша, қазақ жері шипалы өсімдікке бай. Бірақ оны, жергілікті тұрғындар ретсіз қазып алып, табыс табу үшін сыртқа тасымалдауда. Соның кесірінен елімізде дәрілік өсімдіктердің қоры азайған. Сондықтан дертке дауа өсімдіктерді қолдан егіп, көбейту керек.
"Сұңғыланың өзі Қытайда үш түрі бар болса, Қазақстанда 7 түрге жуығы бар. Адамның денесіндегі күйік, үсік ауруларын мәселен, тыртықсыз, ешқандай күшсіз жазып шығуға болатындай өсімдіктер бар тыртық қалдырмайтын. Соларды осы Қазақстанда өсірсем қалай болады деген ойым бар," - дейді фармацевт-ғалым Арғынбек Қабылқақ.
Далалық жерлерде 6 мыңнан аса өсімдік түрі өседі. Олардың 726 түрі тек Қазақстанда ғана кездеседі. Зымзия, қасқыр жем, жабайы сұңғыла, итсигек сияқты шипалы шөптердің емдік қасиеті толық зерттелмеген. Мәселен, Қызылорда өңірінде кездесетін қызыл мияның өзінен жүз түрлі дәрі алуға болады дейді.
" Өсімдіктерді зерттеуді жүйелі түрде қоятын болса, енді қазіргі кезде көп жағдайда бізде Қазақстанда 6 мыңнан аса өсімдік болатын болса, соның 726 индемикалық өсімдіктер деп айтылады. Индемикалық өсімдік дегеніміз тек біздің Қазақстанда кездесетін түрлері. Сол 726 өсімдікті басынан аяғына дейін зерттеп шығу, одан өнім алу, сыртқа экспортқұа шығару бұл өте үлкен жұмыс деп ойлаймын", - дейді ҚАЗҰМУ инженерлік пәндер кафедрасының меңгерушісі Қалданай Қаржауқызы.
Ғалым жабайы табиғатта өсетін шипалы шөптерді қолдан өсіру шалғайдағы жұмыссыз азаматтарға табыс көзі болатынын айтады. Әрі бұл еліміздің фармацевтикалық индустриясын дамытуға жақсы мүмкіндік.