28.10.2022, 17:00

Ұлытау облысында зымыран құлады

Жақын маңдағы қыстаулардың тұрғындары эвакуацияланды.

Әлеуметтік желіде Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына зымыран құлағаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті әкімдік жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жаңаарқа ауданының тұрғындары Орынбай ауылы маңындағы далаға құлаған ғарыш кемесінің фрагментін түсіріп алды. Тұрғындар кеменің сынығы азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенеді.

Жаңаарқа ауданының әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство құлаған фрагмент "Прогресс МС-21" ғарыш кемесіне тиесілі екенін хабарлады.

"Бұл "Прогресс МС-21" жүк кемесінің фрагменті. Ол Орынбай елді мекенінен 25 шақырым жерге құлаған. Жақын маңдағы қыстаулардың тұрғындары эвакуацияланды. Орынбай ауылының тұрғындарын көшірген жоқпыз. "Роскосмос" мамандары ғарыш кемесінің ұшу күні мен уақытын алдын ала біліп, фрагменттің құлаған жерін анықтаған. Олар бұл жерді күзететін арнайы жедел әрекет ету тобын құрды. Ғарыш аппаратының алғашқы фрагменттері алып тасталды, олар қауіп төндірмейді", - деді баспасөз қызметі өкілдері.