Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да ақау шығуына байланысты қала әкімі Дмитрий Горьковой ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта орташа қысымды 3 қазандық жұмыс істеп тұр. Апатты жоюға қажет мамандар мен жабдықтар жұмылдырылған.
«9 қарашада жылу электр орталығындағы №6 жоғары қысымды қазандық іске қосылған болатын. 10 қараша күні түнгі сағат 01:00-де температурасы 65 градусқа жеткен №6 қазандық апатты жағдайда сөндірілді. Бірден жөндеу жұмыстары басталып кетті», – деді қала әкімі.
Еске сала кетсек, 5 қарашада «Риддер ЖЭО» АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, нәтижесінде №1 қазандық блогының қосалқы жабдықтары апатты жағдайда тоқтап, салқындатқыш сұйықтықтың температурасы төмендеген еді. Осыған байланысты қаланың 22 мыңнан астам абоненті жылусыз қалған.