Абай облысы Жарма ауданындағы ерлі-зайыпты мен баланың өліміне қатысты жаңа мәлімет шықты.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде марқұмдар үйіне жолда ұстаған таксимен келгені жазылған. Абай облысы Полиция департаменті бұл ақпаратты растамады.
Полицейлердің айтуынша, іске көлік жүргізушісінің қатысы жоқ, сонымен қатар жүргізілген сараптамалардың нәтижелері белгілі болған.
«Марқұмдарды такси жүргізушісі жеткізіп тастағаны туралы ақпарат жалған. Мұндай ақпаратты БАҚ өкілдеріне берген жоқпыз. Расында да, өз ауылында қонаққа бару дерегі бар. Отбасы үйге оралғанда сыртта күн суытып, қарлы боран соғып, олар бағдарды жоғалтып алған сияқты. Істе такси жүргізушісі жоқ», – деді Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Дина Әміренова.
Полицияның мәліметінше, бастапқыда мәйіттердің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалған. Тексеру нәтижелері бойынша өлім қатты тоңудан болғаны анықталды. Бұл жағдайда зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында қарт ерлі-зайыпты мен немересі аяздан үсіп өлгенін хабарлаған болатынбыз.
aikyn.kz