Ақмола облысында шаңғы базасында көз жұмған астаналық жасөспірімнің өлімі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Sinegor.kz.
"ҚР ҚК - нің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 2 қаңтарда болған.
"Сағат 17.25-те Зеренді ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне шаңғы базасының басқарушысынан Садовое ауылынан 10 км қашықтықта 2006 жылы туған елорданың кәмелетке толмаған тұрғыны шаңғы жолында қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу келді. Материалдарды алғашқы жинау барысында кәмелетке толмаған баланың ата-анасымен бірге шаңғы базасына демалуға келгені анықталды. Жас жігіттің денесін екі демалушы тапқан. Шаңғымен сырғанау кезінде жасөспірім ағашқа соғылып, құлап, есін жимастан сол жерде қайтыс болды", - деп нақтылады полиция қызметкерлері.