Тасқын судың салдарынан Бәйдібек ауданында 36 ұсақ мал су астында қалды. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бақытжан Запаровтың айтуынша, қазір Түркістан облыс аумағында жағдай тұрақталған. Судың келуі де тоқтаған. Дегенмен тасқын судан әлі де қауіп бар.
«Өңірдегі бес ауданда 20 елді мекенді су алды. 27 көше мен 234 үйдің ауласына су кірді. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлерімен 204-тен астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. 790 ұсақ мал құтқарылды. Бәйдібек ауданында 36 мал қырылды деген ақпарат тіркелді. Жалпы бірнеше айдан бері өңірде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тасқын судан келер алапат апатқа жол берілген жоқ. Сауранда 4 эвакуациялық орталық ұйымдастырылды. Департаментте штаб құрылды. Облыс аумағында су сейілгенмен, әлі де қауіп бар деп есептейміз. Таулы аумақтағы Төлеби, Қазығұрт аудандарында әлі де қар бар. Жаңбыр жауса осындай төтенше жағдай орын алуы мүмкін» - деді ол.
Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, өңірге 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 10 күндік мөлшерден асып түскен. Сонымен қатар 2-4 ақпан күндері таулы аймақтарда жаңбыр, қар жаууы ықтимал. Сондықтан әрбір аудан, қалада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр және су басу қаупі бар аймақтар мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған.
Еске сала кетейік, 2 ақпанда Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатқанын хабарлаған едік.
Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.
Түркістан облысының үш ауданында 6 көшені су басқан.
Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды. Түркістан облысының әкімі тасқын су кірген елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Біз сондай-ақ Кентау қаласы мен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жаздық.
4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.
Қазгидромет синоптиктері Түркістан облысында бүгін де жауын жауып, өзендерде су деңгейі көтерілетінін ескертті