03.02.2023, 18:00

Ауа райы ескертуін елемей саяхатқа шығатын туристер де жазаланбақ

Фото: newtimes.kz
Бұған дейін бірінші вице-министр ауа райы ескертуін елемей жолға шыққан 8 көлік жүргіушісінің жауапқа тартылғаны туралы айтқан еді.

Елімізде ауа райы қолайсыздығына байланысты ескертуге құлақ аспай жолға шыққаны үшін жаза арқалайтындар қатары көбейе түспек. Төтенше жағдайлар министрлігі ережеге бағынбаған көлік жүргізушілерімен қоса туристерді де жазаға тартпақ. Бұл туралы аталған ведомствоның бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлік төтенше жағдайлар департаменттері мен оған қарасты бөлімшелерде туристердің саяхаттау маршруттары туралы мәліметтер жоқ. Осыған байланысты құтқарушылар жоғалған туристерді іздеуге көп ресурс пен уақыт жұмсайды. Таулы аймақтарда жоғалған адамды іздеу барысына төмен температура мен жауын-шашын тікелей әсер етеді. Осы орайда біз барлық өңір бойынша Төтенше жағдайлар департаменттеріне туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабар беру бастамасын көтеріп жатырмыз. Сонымен қатар жергілікті ТЖД-дың жұмыс істеу тәртібі мен құқығы айқындалмақ», - деді Ибрагим Күлшімбаев ОКҚ-де өткен брифингіде. Оның түсіндіруінше, аталған жаңашылдықты енгізу «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» әзірленіп жатқан заң шеңберінде жоспарланып отыр.

«Осылайша алдағы уақытта жоғарыда аталған нормаларды елемегені үшін туристерді жауапкершілікке тарту рәсімін заңнамалық деңгейде реттеуді жоспарлап отырмыз», - дейді спикер.

Бұған дейін бірінші вице-министр ауа райы ескертуін елемей жолға шыққан 8 көлік жүргіушісінің жауапқа тартылғаны туралы айтқан еді.