06.01.2024, 17:30

Түйілген орамал

Фото: pixabay.com

Шеңберден шығуға болмайды. Ойын жылдамдықты, амал-айланы қажет етеді.

 

Қазақта 150-ге жуық ұлттық ойын түрі бар. Мұны Әубәкір Диваев, Елеусін Сағындықов сияқты ғалымдар зерттеп, жіктеп шыққан. Аталған ойын түрінің біразы бізге жетсе, кейбірінің атауы өзгерген. Арасында ұмыт болғаны да бар. Қайсыбірін алып қарасаң да ұлттық ойын бала мен жастың ақыл ойын дамытуға, батыл әрі епті болуға тәрбиелеген. Осы орайда, ұмыт болған ұлттық ойындардың бірі – «Түйілген орамалдың» сипаты мен шартына тоқталғанды жөн көрдік, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Түйілген орамал» – ұлттық ойын. Ойынға жас өспірімдер қатынасады. Ойын жүргізу үшін ақ орамал керек. Орамалды ортасынан түйеді.

Ойынға қатынасушылар алаңға жиналады да шеңбер жасап айнала тұрады. Ойынды басқарушы тағайындалады. Басқарушы ортаға шығады да, қолындағы орамалды кез келген бір ойыншыға тастайды. Басқарушы «бір, екі, үш» деп дауыстағанда, ойыншылар жан-жаққа бытырап кетеді. Сонан соң басқарушы орамалдың артынан қуалайды. Орамалды алған ойыншы дереу оны басқарушының қолына тигізбей басқа ойыншыға беріп үлгеруі керек. Сөйтіп, ойыншылар орамалды біріне-бірі өткізе береді. Орамалдан айырылып, қалған ойыншы басқарушының орнына шығады немесе орамалды ұстап алған басқарушы өз орнына басқа біреуді тағайындап, өзі ойыншылардың қатарына қосылады. Ойын соңында орамалды ұстатпаған тез, тапқыр ойыншы атап өтіледі.

Қолына орамал тиген ойыншы оны тек басқа ойыншыға жоғарыдан ғана лаңтырып бере алады. Шеңберден шығуға болмайды. Ойын жылдамдықты, амал-айланы қажет етеді.