$ 443.37  474.49  4.83

ДНҚ тапсыру арқылы руыңызды білуге болады

ДНҚ біздің шығу тегіміздің ықтимал популяциясын 70%-ке дейін анықтай алады. Бұл тұста шежіре мен генетика да 70-80% сәйкестік көрсеткен.

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

ДНҚ тапсыру арқылы руыңызды білуге болады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 24.kz дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.

Археологтармен бірлесе отырып, генетиктер көне сүйектердің ДНҚ айырып әртүрлі заманғы, олардың генетикалық варианттарын анықтап, солармен салыстырып, ақпарат беруге болады. Бізге тапсырған адамдардың толық Ү-хромосомаларын  салыстыра келіп, кейбір адамдардың көне Ирандағы варианттармен ұқсастығын көрсетті, – деді Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

Дәл осындай өз биоматериалын өткізген адамның генетикалық ақпараттары Ботай қонысынан табылған көне сүйектен алынған генетикалық ақпараттармен сәйкес келген.

Мұндай зерттеулер тек тарихты білу емес, бұл күнде елге келмек болған қандастарымызға да зор мүмкіндік. Иран, Ауғанстан, Пәкістандағы қандастарымызға қарайтын болсақ, оларда құжат жоқ. Яғни қазақ екенін дәлелдей алмайды. Бірақ мұны тексеру қажет. Себебі Ауғанстанда тұруды ешкім қалай қоймас. Ал елге келу оңай болса, бәрі қазақпыз деп те шыға алады. Сондықтан да осы арқылы олардың сөзі қаншалықты рас екенін анықтауға көмектесе алады. Ал шешімді басқа да мәселелер бойынша қадағалайтын басшылықтар шеше алады, – деді тарихшы Жақсылық Сәбитов.  

 2000 жылдардан бастап әлемде кеңінен таралған генетикалық зерттеулер біздің елде де тың жаңалықтар ашып жатыр. Бүгінде генетиктер мен тарихшылар бірлесіп, тарих бетіндегі архив аша алмаған сырларды ақтарып келеді. Оның бірі – ДНҚ тапсыру арқылы ататекті, ата-бабаңыздың қайдан келгенін, біздің заманымызға дейінгі қай тайпаға қаншалықты қатысыңыз бар екенін анықтау.

Бұл – генеологиялық деректерді зерттеуге қатысты қолданбалы құрал. Мысалы, біздің елде көптеген хандық, тайпа, ру болды. Ал генетика осының қайсысы шындық, қайсысы өтірік екені анықтай алады. Әсіресе қазақтардың шежіре институтына көмегі мол. Генетика бұл инстутуттың қаншалықты шынайы екенін, сондай-ақ генеологиялық және генетикалық жастарының сәйкестігін анықтайды, – деді тарихшы Жақсылық Сәбитов.  

Өз тегін, руын білмейтін адамдар да осы ДНҚ тапсыру арқылы анықтай алады. Тіпті шетелдіктер асырап алған балалар да осы арқылы өз туысқандарын тапқан.

Әр рудың қалыптасуы өте күрделі, тарихи жағынан қарайтын болсақ. Шежіреге қарайтын болсақ, барлығын өздері бір рудың өкілдері, бір атадан тараймыз дейді. Бірақ оны зерттей келе біз олардың толық Ү-хромосома бойынша 100% бір атадан тарайтынын көрмедік. 70%-і бір атадан тарайды. Қалғаны осы рудың қалыптасуы барысында кірме болуы мүмкін, – дейді Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

Яғни ДНҚ 100% адамның қай руға жататынын айта алмаса да, оның генетикалық тұрғыда қандай Ү-хромосомамен ұқсайтынын айта алады. Солай өз туысқандарыңызды анықтай аласыз.

 100% ДНҚ арқылы руды айтуға болмайды. Бірақ оның рулармен туыстығын айтуға болады. Ортақ атасының кім болғанын және қашан өмір сүргенін анықтауға болады. Қазір өмір сүріп жатқан басқа халықтармен салыстыра келіп, пайыздық мөлшерде өңірлерді көрсете алады. 80%, мысалы, орталықазиялық, 10% шығысазиялық, 10%, мысалға, еуропалықтармен кезінде бұрын ортақ ата-бабаларыңыздан қалған генетикалық варианттар бар екенін көрсетеді, – деді Мақсат Жабағин.

Мұның тарихпен байланысының тағы бір ерекшелігі, өзіңізде қандай тайпаның генетикалық биоматериалы бар екенін біле аласыз. Ондай зерттеулердің елде бірнешеуі жүргізілген. ДНҚ біздің шығу тегіміздің ықтимал популяциясын 70%-ке дейін анықтай алады. Бұл тұста шежіре мен генетика да 70-80% сәйкестік көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары