Қазақ дәстүрінде қонақ күтіп, кісі сыйлау – барша қазақ ұрпақтарының міндетті түрде алатын тәлім-тәрбиесінің бірі.
Қазақ халқы ежелден сыйлы қонақтарға мал сойып қонақасы береді. Алайда мал сойып, қонақасы берудің өзіндік үлгісі мен жөн-жосығы бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әдетте келген қонаққа жасына, жолына, ел ортасындағы бет-беделіне, салауатына қарай мал сойып күтеді. Бұл «қонақасы» делінеді. Онда қонақ саны оннан аспаса бір семіз марқа; жиырма адам болса бір қой, бір марқа; отыздан асса бір тай; қырықтан асса жылқы немесе бір сиыр сойып қонақасы береді. Бұл жетерлік мал-дәулеті бар адамдарға қарата айтылған. Алайда ерекше сыйлы қонақтар мен ел-жұрт қадірлеген білікті кісілердің бір басына бір тай сойып та беретіні болған.
Қазақ дәстүрінде қонақ күтіп, кісі сыйлау – барша қазақ ұрпақтарының міндетті түрде алатын тәлім-тәрбиесінің бірі. Қонақ күтіп, кісі сыйлауды білмеген бала «көргенсіз, тәрбиесіз», тіпті «тексіз» деген сөгіске қалады.
Сондықтан әр қазақтың отбасы тәрбиесі қонақ күтіп, қонақасы беруді міндетті түрде дәріптейді. «Сыйға сый, сыраға бал» деп қарсы жағын сыйлаған адам өзі де сондай сый-құрметке ие болады. Сондай-ақ түрлі қоғамдық қатынаста қарсы жағының құрметі мен сеніміне бөленіп, екі жақ ұзақ уақыт бейбіт қатар тұрып, бір-біріне пайдасын тигізеді. Отбасының, рудың, ауылдың, тіпті бір ұлттың тамаша образы орнатылады, тіктеледі.
Қонақ күткенде шыны-аяқ шақырлатпайды, адамдардың шыны-аяғын бір-біріне ауыстырмай алып береді. Тамақ алуға қонағын жиі-жиі қузап отырады. Міне, бұл қонағының көңіл-күйін орнықтырып, қонағын құдды өз отбасында отырғандай сезімге бөлейді. Халқымыздың осындай қонақшыл қасиеті қоғамдық қарым-қатынасты кеңейтіп, адамдарды ізгілікке, татулыққа, достыққа, береке-бірлікке жетелейді.
Түстік беру
Қонақшыл да меймандос қазақ халқы ұзақ жерден келіп, үйіне қонған қонаққа «қонақасы» берсе, ал жақын түстік жерден келіп немесе алыстан келсе де қонбай кететін сыйлы қонақтарға күндіз сойып беретін мал мен арнаулы асып, жасап беретін тамақты «түстік беру» немесе «түстік» деп атайды.
Үйге келген кісілерге түстік беру адамдардың бір-біріне болған достық сүйіспеншілігін арттырады. Адамдарды ізгі ниетті, қонақшыл, жомарт болуға дағдыландырады. Адамдық барыс-келіс, алыс-берістерін нығайтып, жауапкерлік және борыштылық сезімдерін күшейтіп, қоғамдық қарым-қатынастарын жақсартады. Лостықтарын нығайтып, өрістерін кеңейтеді.
Қазақ салтында өздеріне қойдың басын тартқан ақсақалдар мен қой-ешкінің басын мұжыған үлкен кісілер балаларға игі мақсатпен құлақ, көз, тағдай, тіл береді.
Құлақ беру
Бата жасап, бас кескен қариялар алдымен бастың езуінен бір кесіп алып, үйдегі ең жасы кіші балалардың біріне: «Мә, балам, құймақұлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» - деп береді. Міне, бұл «құлақ беру» деп аталады.
Қариялардың балаларға құлақ кесіп беруінің үлкен тәлім-тәрбиелік және психологиялық мәні бар. Жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын, сөз тыңдап, сөз қадірін түсінетін, ақылды, білімді, азамат болып есейеді.
Көз жегізу
Әдетте білікті, тәрбиелі үлкен кіілер бас мұжығанда «көреген болсын, әділ болсын» деген ниетпен бастың екі көзін алы, өзі қалаған балалардың біріне: «Мә, балам! Көреген кқсем бол, қара қылды қақ жарар әділ бол, халқыңа алаламай тең қара!» - деп оған беріп жегізеді. Міне, бұл «көз жегізу» делінеді. Қазақ халқы екі көзді бір адамдға береді. Екі көзді екі адамға берсе алакөз болады немесе әділдіктен тайып, бұра тартады деп қарайды.
Көзді үлкендерден игі тілек тыңдап отырып жеген бала қырағы, сергек, көреген, халыққа тең мәміле жасайтын, турашыл, әділ адам болып жетілуге тырысады. Сондай-ақ өзіне жан-жақты талап қойып, халықтың үміт-тілегін ақтауға құлшынатын ізгі ниетті азамат болып есейеді.
Тіл жегізу
Әдетте көреген қариялар мен тәлімгер әжелер тілдің ұшын «дұшпанның тілі кесілсін» деген ниетпен кесіп тастап, онан соң «айтар сөзі көмекейіне кетпеліп қалмайтын шешен болсын» деген ниетпен көмекейін тілден бөліп алып. Тілді-жақты болсын деген бір балаға «Мә, балам, үлкендердің тілін ал, жезтаңдай шешен бол!» деп тілді беріп жегізеді. Міне, бұл «тіл жегізу» деп аталады.
Тіл жеген бала ата-ана мен үлкендерге, халыққа жағуға, жақындауға тырысады. Өзгелермен оңай тіл табысып, қоғамдық қарым-қатынасын нығайтып, досын көбейтіп, өрісін кеңейтеді. Көпшіл, халықшыл, әдепті, ибалы, мұратты, моралды адам болып өсіп жетілуге құлшынады.
Таңдай беру
Қазақ салтында қойдың басын мұжып отырған үлкен кісілер бастың таңдайын алып, қабыршағын аршып, онан соң оны өзі қалаған бір баланың алақанын аштырып қойып: «Шешен бол! Бұлбұл көмей, жез таңдай әнші бол!» деп таңдайды алақанына ұрып береді. Сол кезде оны бала шап беріп ұстап алса, онда сол бала ерекше шешен, әнші, жыршы болады деп есептейді. Мәне, бұл «таңдай беру» деп аталады.
Балаларға таңдай берудің өзіндік мән-мағынасы мен ,ылыми негізі бар, яғни ол балалардың тіл өнері мен ән-жырға деген ынта-ықыласын арттырып, олардың көкіректеріне жастайынан «әнші болсам, жыршы болсам, ақын болсам» дейтін арман-тілек ұялатып,есейгенде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермес шешен, әнші, жыршы, ақын болып шығуына үлкен мүмкіндік жасайды.
Ет асату дағдысы
Қазақ халқы жомарттықты, кеңпейіл-кешірімділікті жақсы көріп, сығандықты кекшілдікті, өзімшілдікті, озбырлықты қатты жек көрді. «Өле жегенше – бөле же» деп бір дән, бір ұрттам су болса да өзгелермен ортақтасып, бөліп жегенді өте жоғары бағалайды.
«Жақсының шарапаты мен тамаша қасиеттері жұғады» деп ертеде ауыл азаматтары сондай өнер-білімді, үлгі-тағылымды, елге-беделді, жұртқа сыйлы қонақтар түскен үйлердің маңайында «дана кісілермен дәмдес боламыз, ет асаймыз» деп ойнап немесе үй иесіне қолғабыс көрсетіп маңайлап жүретін болған.Міне, осы дағдыны білетін көргенді, тәрбиелі кісілер ет желініп, дастархандағы адамдар тояттай бастаған сәтте сыртта жүрген күтушілер мен «ет асаймыз, сарқыт жейміз» деп жүрген ауыл азаматтарын үйге шақырып алып, шеттерінен ет-май асатады, сарқытын береді. Міне, бұл «ет асату», «сарқыт беру» деп аталады.