Эголарын, өзімшілдіктерін бақылауда ұстап үйренуі керек.
Заңгер Ләззат Рақышева соңғы кезде бірінің артынан бірі қамауға алынған шоу-бизнес жұлдыздарын сынап, оларға кеңес берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Аzattyq-ruhy.kz сайтына слтеме жасап.
Заңгер ретінде айтатын болсам, бұл жұлдыздардың жасағаны - ұсақ бұзақылық. Ал оны мәдениеті төмен адам жасайды. Өзімшілдігі басым, қоғамға, қоршаған ортаның, әдептілік ережелерін елемейтін адамдар жасайды. Ал олар Қазақстанға беделді азаматтар. Біреуі әзілкеш, екеуі әнші. Қайрат Нұртасты 7 млн адам оқиды, Қабатовтың парақшасына 2 млн адам жазылған. Жастар соларға еліктеп «Мен Қайрат ағам сияқты ән айтамын» деп шаш үлгісіне дейін өзгертіп жүр. Жастарға қандай өнеге бермек? Жас ұрпақ «бұларға барлығын жасауға болады екен, біз де жасайық» деп ойлайды. Сондықтан олардың ісі дұрыс емес, - дейді Рақышева.
Танымал заңгер әрі қоғам белсендісі әлемге қазақты жақсы жағынан танытып жүрген Димаш Құдайбергенді үлгі етті.
Дүниежүзіне өзінің сабырлығымен, жүріс-тұрысымен, мәдениетімен Қазақстан халқын танытып жатыр. Ал бұл кісілер елде отырып осындай іс-әрекет жасауы ақылға сыймайды. Олардың әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылықтың 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық аясында қарастырылды. Ол бір жылдың ішінде қайталанса 15 тәулік, кейін 30 тәулік қамауға дейін барады, - дейді Ләззат Рақышева.
Сондай-ақ ол бұзақылық жасаған танымал адамдарға қосымша шектеулер енгізуді және эголарын тәрбиелеу үшін психологқа көрінуге кеңес берді.
Алайда, менің ойымша, осындай іс-әрекеттері үшін жұлдыздарға арнайы бап қосу керек. Себебі жастар олардан үлгі алады. Олар үлгі болудың орнына, анайы іс-әрекет көрсетіп жатыр. Сондықтан осы сынды жұлдыздарға әкімшілік құқық бұзуды қайталаған жағдайда заң бойынша шетелге шығармайтын шектеу енгізу керек деп ойлаймын.
Психоаналатик ретінде айтсам, бұл адамдарға психологқа бару керек. Психология бойынша бұл адамдардың ішінде проблема бар. Осылайша, өздерінің эголарын, өзімшілдіктерін бақылауда ұстап үйренуі керек. Адамгершілік деңгейін көтеруі керек. Халықтан кешірім сұрап, жастарға «біздің қателіктерімізді қайталамаңыздар, оқырмандарым, сіздерден кешірім сұраймын» деп ағаттығын мойындаулары керек. Қабатов, Әлқожа мен Нұртас үшеуі де кешірім сұрауы керек. Себебі жастар осы жұлдыздарға қарап қызығады. Мынандай іс-әрекет жасаса, несіне қызығады?! Қоғамда талқылайтын, шешетін мәселе өте көп. Жастарға үлгі болатын ер-азаматтар осындай іс-әрекет жасап жүр. Бұл-өте ұят, - деп түйіндеді заңгер өз сөзін.