$ 498.34  519.72  4.85

Құрылысшыларға алданған үлескерлер «Нұр Отаннан» көмек сұрап отыр

Елімізде соңғы уақытта құрылыс компаниясының басшыларына алданған үлескерлер саны артып барады. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында баспанаға деп жылдап жинаған ақшаларын алаяқтарға өз қолымен апарып беретіндердің саны көп. Құрылыс компаниясы басшылары сотталып қамалғанымен, үлескерлер көп жағдайда не ақшасын, не баспанасын ала алмай қалып жатады.

Дәл осындай проблемамен астаналық бірнеше тұрғын «Нұр Отан» партиясына шағым айтып келді. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген үлкескерлерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың өзі қабылдады.

Төраға орынбасарының қабылдауына бұл жолы 5 адам жазылыпты. Мәселен, В.Климиров Ақмола облысы Аршалы ауданы әкімдігінің Құрылыс бөліміне шағымданады. Сондай-ақ, құрылысқа қатысты мәселемен келген Сәндігүл Қожанова да жанайқайын жеткізді. Мемлекеттік нысанның үлескерлері ретінде ол «Арыс» тұрғын үй-құрылыс кооперативі атынан 2005 жылдан бері салынып келе жатқан үйге қатысты шағымын айтты. 7 миллион доллар қаражат салынған үй әлі күнге дейін салынып болмаған. «12 жыл бойы тұрған үй биыл да салынып бітетіні неғайбыл» екенін айтады. Бұл − жұмысшыларға арналған мемлекеттік нысан. Оның салынып бастаған кезінен бері 6 құрылыс фирмасы ауысқан. «Әр фирмамен келісім жасалып, ақша бөлінген. Әрқайсысы бір ақшаны қалтаға басады да, бір соттан екінші соттың табалдырығын тоздырып жүреді. Бүгінде «Инженерлік сервистік компания» ЖШС-ға қатысты қылмыстың істің қаралуы 3 жылға созылып отыр» дейді ол. Оған қоса, елімізде қабылданған әрбір шешімге нақты жауап беретін кім деген назын айтты. Себебі, оның айтуынша, мәселе туындағанда құзырлы органдар өкілдерінің біразы ат тонын ала қашады. 

− 2012 жылы 361 миллион теңге жымқырған Құрылыс басқармасы қызметкеріне қатысты қозғалған қылмыстық істе, қызметкер құжаттарға тиісті нысанды аралап көрмей-ақ қол қоя салғанын айтады. Сонда оған жүктелген функционалдық міндет қайда қалды? Сол сияқты қаншама қызметкерге міндет жүктеледі де, ал іс істеуге келгенде жауапкершіліктен бәрі қашады, − дейді Сәндігүл Қожанова.

Одан бөлек, Сәндігүл Әділет министрлігі мен egov-тың (Электронды Үкімет) базасы бір-біріне сай келмейтініне де назар салды. «Екі базадағы құжаттар, яғни ондағы мәліметтер, анықтамалар бір-бірімен сәйкес келмейді. Мысалы, egov базасынан сұратқан құжатта белгілі бір мекеме басшысы ауысқандығы көрсетілсе, Әділет министрлігі базасынан алынған құжатта басшы өзгермегені көрсетіледі. Сонда ақпараттың сәйкессіздігіне кім жауап береді? Бұл дегеніміз жемқорлыққа жол ашу емес пе?» деген сауалын тастады.

Бұған жауап берген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова бұл мәселеге Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жауап беретінін және мұны аталған органға хабарлайтынын жеткізді. Ал құрылысқа қатысты шағымын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жіті қадағалауға алатынын айтты.

Қабылдауға келгендердің бірі Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының іс әрекетіне шағымданса, енді бірі жер теліміне тұрған кезектен шығарып тастаған Әділет департаментіне шағымын айтып, көмек сұрады. Барлық аталған мәселелер бойынша Айгүл Шайымова қолданыстағы заңдар аясында кеңестер беріп, шағымдарын жазбаша түрде қабылдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары