$ 498.34  519.72  4.85

Алмалы ауданында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

Алматыда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қалалық департаменті мен Алмалы ауданы әкімдігі бірлесіп, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің мақсаты – электрондық мемлекеттік қызметтерді және мемлекеттік қызметті дамыту, сондай-ақ, халыққа «электрондық үкімет» порталы арқылы және «Алматы қаласының азаматтары үшін» мемлекеттік корпорациясы арқылы (ХҚКО) қызметтерді алудың артықшылықтарын түсіндіру болды.

Жәрмеңкеге келген барлық азаматтар жергілікті атқарушы органдардан және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінен кәсіби кеңес беру және әдістемелік көмек алу құқығын пайдаланды.  Бұдан басқа, жәрмеңкеге келген азаматтар Алматы қаласының мемлекеттік органдарында бар бос орындармен танысты.

– Жалпы, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді 48 мемлекеттік орган таныстырып, барлығы 353 қызмет көрсетілді. Бүгінгі жәрмеңкеге 2526 адам қатысып, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2119, бос жұмыс орындарына өтініш білдірген 407 азамат болды. Оның ішінде Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығы 58 жұмысқа орналасу үшін белсенді шаралар қабылдады, - деді Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Шынар Әлімхан.

Жәрмеңкеде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық мәртебесі, тұрғын үй және жер қатынастары, архитектура, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында ең танымал және әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді ұсынатын 21 мемлекеттік орган қатысты.

Азаматтарға сапалы консультациялар беру мақсатында мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді алу және мемлекеттік қызметке кіру үдерісін кезең-кезеңмен алгоритмді сипаттайтын ақпараттар мен материалдарды әзірледі.

Жәрмеңкеде барлық келушілерге электрондық цифрлық қолтаңбаны, қызметтің тәртібін түсіндіріп, кез-келген қызметті электронды түрде алуға болатынын көрсетті.

– Мега ойын сауық-кешеніне келсем, жақсы жәрмеңке болып жатыр екен. Өзім де қарағандыдан Алматыға жұмыс іздеп келгенмін. Мамандардан пайдалы кеңестер алдым. Мұндай жәрмеңкелер көптеп ұйымдастырылса, біз сияқты қарапайым жұртқа өте пайдалы болар еді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - дейді жәрмеңкеге келген Алмас Жеткерген.

Жәрмеңкеде барлық келушілерге электрондық цифрлық қолтаңба қызметінің тәртібін түсіндіріп, келушілер кез-келген қызметті электронды түрде алуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкеге келушілер 15 минут ішінде электронды цифрлық кілтті алды. Бұл алдағы уақытта оларды үйден шықпай-ақ дербес қызметтер алуына мүмкіндік береді, сол арқылы өз уақыттарын айтарлықтай үнемдейді алады.

Аудан тұрғындары азаматтық мәртебесін, кәсіпкерлікті, жылжымайтын мүлікті тіркеуді, онлайн қызметтерін алу мүмкіндігін, сондай-ақ түрлі ұйымдардағы бос орындардың болуын тіркеу мәселелеріне қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, жәрмеңкеге денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысып, қажет болған жағдайда азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету туралы кеңес беріп, қан қысымын өлшеп беріп отырды.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Алматы қалалық Агенттігінің департаменті алдағы уақытта Әуезов және Бостандық аудандарында осындай жәрмеңкелер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары