$ 498.34  519.72  4.85

Наурызбай ауданында «Денсаулық аптасы» өтті

Қазақстан халқының өмір жасын ұзарту - «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы Мемлекет басшысының үкімет алдында қойған негізгі тапсырмаларының бірі. Өйткені, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін ең алдымен ел эконокасы ғана емес, халықтың денсаулығы мен әлеуеті де дамуы тиіс. Бүгінде халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында республика аумағында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мәселен, күні кеше Алматы қаласы Наурызбай ауданында аудандық «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Денсаулық аптасы» акциясы өтті.

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының «Тұңғыш Президент күні» және «Тәуелсіздік күні» мерекелеріне орай ұйымдастырылған.

«Денсаулық аптасына» арналған жиында №7 ҚКА бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор, ауданның 17 сайлау округі бойынша маслихат депутаты Абдуллаев Марат Шадыбайұлы ашып, жүргізді.

- Құрметті, тұрғындар, «Денсаулық аптасы» акциясына белсене қатысуларыңызды сұраймыз. Адамның мәнді өмірі – денсаулығы екені белгілі. Біздің ауданның дәрігерлері сіздердің денсаулықтарыңыз үшін арнайы ақпарат беру мен кеңес беруден ешқашан жалыққан емес. Өздеріңізді мазалаған аурудың түрлеріне қатысты сұрақтарыңыз болса, мархабат, - деді профессор Марат Шалдыбайұлы.

Сөз кезегінде №7 ҚКА №2 инсульт бөлімінің басшысы Ибрагимов Махсут Мұсаұлы «Инсульттың алдын алу» тақырыбында өз есебін жиналғандарға таныстырды.

С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті терапия кафедрасының доценті Владимир Жданов сөз кезегінде «Артериалық гипертонияны алдын алу» тақырыбын түсіндірді.

ҚР денсаулық министрлігінің эпидимиология стратегиясының дамуы және физиопульмонология ғылыми орталығының бағалау бөлімінің басшысы П.Джазыбекова «Туберкулез ауруының анықтау әдістері және оны алдын алу» тақырыбын жан-жақты баяндап берді.

Сонымен бірге аталмыш іс-шараға Наурызбай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі мүшесі Мәдениет Каркенов қатысып, өз ойын ортаға салды.

- Бүгін сондай жақсы шара өтуде. Қартайған сайын ауру-сырқауың да көбейе береді екен. Әсіресе, кәрі жүректің инсульт алып қалу қауіпі басымырақ екенін жақсы түсінеміз. Себебі, кәрі адамның көбінде қан қысымы жоғары болады ғой. «Денсаулық аптасы» акциясына қатысып, пайдалы кеңестер мен көмектер алдық. Дәрігерлердің біліктілі үшін қуанамыз. Бүгінде медицина да дамып келеді, - деді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастамбекұлы.

Осылайша, «Денсаулық аптасы» акциясына жиналған жұртшылықтың қойылған сұрақтарына кәсіпқой баяндамашылар нақты жауаптарын берді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары