$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда жатақханалар саны еселеп артады

Алматыда жастарға арналып, 2020 жылға дейін 12 жатқахана салынады, соның 4-еуінің құрылысы биыл аяқталады. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев «Достық үйінде» өткен «Бірлігі мықты жастар - болашаққа жол бастар» акциясында айтты.

Бүгін Алматыдағы «Достық үйінде» өткен «Бірлігі мықты жастар - болашаққа жол бастар» акциясында баяндама жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев Алматыда «Жастар жылы» ішінде атқарылған нақты шараларға тоқталды.

«Қазақстандағы әрбір үшінші студент Алматыда білім алып жатыр. Сондықтан да Елбасының бастамасымен 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» болып жарияланған болатын. Осыған орай Алматыда жол картасы әзірленіп, сапалы білім,  жұмыспен қамту, мәдениет, салауатты өмір салтын дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылды. Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін биыл студенттер мен жас отбасыларға жатақханалар салу жобасы қолға алынды.

«Жол картасы» аясында 2020 жылға дейін Алматы студенттеріне 12 жатақхана  салу жоспарланған. Жоспарланған 12 жатақхананың 4-еуінің құрылысы биыл аяқталады. «Алматы жастары» деп аталатын бағдарламамен жастарға баспананы жеңілдетілген жолмен жалға беру жоспары басталды. «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі арқылы несиелеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Жастардың жас деңгейі 35-ке дейін ұзартылып, бағдарламаның жүзеге асуы үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жыл аяғына дейін 100 жас отбасы баспаналы болады», - деді баяндамашы Назар Балғымбаев.

Назар Балғымбаев 2017 жылы жастарды жұмыспен қамту көлемі де артқанын жеткізді.

«Жастарды жұмыспен қамтуға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жұмыс іздеген 2000 жас инновациялық мамандықтарды игеру үшін оқуға жіберілді. 2017 жылы барлығы 16 000 адам жұмысқа орналастырылды. Жастарға арналған Лофт-орталық ашылып, оның базасында еріктілер, жас кәсіпкерлер, жас суретшілер секілді орталықтар жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, қыркүйек айында Алатау ауданындағы Атлеттер қалашығында жастармен жұмыс жасайтын «Алматы жастары» орталығы жұмысын бастады. Әуезов ауданында дәл сондай «Бағдаршам» орталығы ашылды», - деді Назар Балғымбаев.

«Бірлігі мықты жастар - болашаққа жол бастар» шарасы аясында «Біз латын әліпбиін қолаймыз» акциясы өтті. Онда 3*2 метрлік баннерге 100 жас өкіл қол қойып шықты.  Сонымен  қатар, «Q кезеңінің жастары» флэш-мобы өтті. Онда суреттер салынған футболка киген 120 жас Панфилов көшесі бойындағы жаңа жаяу жүргіншіге арналған жолмен жүріп өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары