26.03.2018, 05:56

«Баланы тұншықтырып тастады»: Астанадағы балабақша тәрбиешісінің әрекеті жұртты шошындырды (ВИДЕО)

Бұл адам шошытарлық видео Instagram әлеуметтік желісі арқылы тарап кетті. Видео авторы оның Астана қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болғанын айтады. Онда тәрбиеші жылаған баланы әбден тұншықтырып, видеокамераны көргеннен кейін түк болмағандай құшағына ала салады.

Видеоролик zello_astana парақшасында пайда болды. Видео авторы баланың ата-анасына іздеу салып, тәрбиешілердің қатыгездігі туралы жазыпты.

«Астанаға жұмыс бабымен кеткен күйеуіне туған әпкем еріп барған еді. Бір жастағы қызы бар. Бос отырмайын деп балабақшаға жұмыс істеуге барған. Жүрегім ауырып қайтып кеттім дейді. Үйден ашқан балабақша екен, балаларға қарамайды, ұрады дейді. Егер мына баланың анасы танып жатса, баласын бұл балабақшаға бермей-ақ қойса екен», - делінген видеороликтің жазбасында.

Соңғы бірер күннен бері аталған видеоны талқылап жатқандардың қарасы көп. Барлығы да аталған тәрбиешіні тауып, қатал жазалауды талап етуде.