«Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады».
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті
Соңғы жылдары біздің ел мемлекеттік қызметшілердің жағымды имиджін қалыптастыруға баса назар аударып отыр. 2011 жылы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылданып, «А» және «Б» корпустары жасақталып, ауыл әкімдерін сайладық. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық пен парақорлықты тоқтатып, мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру үшін қолға алған шара болатын. Сол 2011 жылы «А» деп аталатын басқарушы корпустың тестілеуінен соң Елбасы сынақтан сүрінбей өткен мемлекеттік қызметшілермен қоса, жаңадан сайланған барлық ауыл әкімдері, қала басшыларының қатысуымен кеңес өткізген болатын. Сол жиында Нұрсұлтан Әбішұлы елге кәсіби тұрғыдан әбден шыңдалған, ысылған білікті мамандар қажеттігіне тоқталған. Ал, биыл Елбасы бес халықтық реформасын ұсынып, кәсіби мемлекеттік аппарат құруды ұсынды. Ендігі жерде мемлекеттік қызметші қызметті төменгі лауазымдардан бастайды. Олар үшін үш сатылы іріктеу жүйесі енгізіліп, еңбекақы еңбегіне қарай төленеді. Жаңа этикалық ережелер енгізіліп, жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі. Бұл орайда Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ішінен жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құрылады.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда «мемлекеттік қызметшілер адал, пара алмайды» дегенге ешкім сенбейді. «Шенеуніктер шетінен парақор» дейтіндер көп. Билік басындағылардың мемлекеттік қызмет жүйесін қайта-қайта реформалап жатқаны содан.
2005 жылы Президенттің мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы заң қабылдап, Ар-намыс Кодексін Жарлықпен бекітіп бергені де кейбіреулерге тоқтам сала алмады. Сол жылдары «Нұр Отан» партиясының республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттік қызметшінің 8 этикалық ережесін ұсынғаны әлі есте. «Мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы керек. Өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі керек, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстай білуі керек. Егер мемлекет мүддесіне нұқсан келіп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсе, дереу араласып, шаралар қолдануы керек» демеп пе еді Елбасы?!
Алайда, біздің қоғамда мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырып алатын мемлекеттік қызметшілер әлі де баршылық. Бұған дәлел көп. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер күн сайын әйтеуір бір мемлекеттік қызметшінің парамен ұсталып жатқанын жария етумен келеді. Басқа жақты білмейміз, Оңтүстіктегі Тәртіптік кеңес әр отырысында пәленбай мемлекеттік қызметшінің мәселесін қарап жатады. Бірақ, бұл – «Оңтүстікте мемлекеттік қызметшінің бәрі парақор» дегенді білдірмесе керек. Олардың арасында да халыққа болсын деп жүрген азаматтар өте көп. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовті бүгінде аймақ қана емес, бүкіл Қазақстан жұрты іскер басшы, елі үшін туған ер деп бағалайды. Оның тұсында өңірдің қалай көркейіп, өркендегініне елдің өзі куә.
Күні кеше ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық соңғы бес жылда 2,7 пайызға азайғаны туралы мәлімет айтылды.
Бұл айтарға ғана оңай. Әйтпесе, былайғы жұрттың шекесін тыржитатын Оңтүстік үшін жемқорлықпен күресу оңай болмағаны анық. Бұл жерде Асқар Исабекұлының өлшеусіз еңбегі жатқаны анық. Кадр саясатында қателессе, маманның сенімді ақтамағаны. Кадрларды жиі ауыстырғаны, басшылық лауазымдарға басшыны ұзақ күттіріп тағайындағаны да рас. Онысы үшін кейбір БАҚ өкілдері сынап та жазды. Ал, біз сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың 2,7 пайызға азайғаны туралы кешегі көрсеткішті сонау сыналған кездің қайтарымы деп түсіндік.
Шыны керек, біз әлі де «мемлекеттік қызметкерлер шетінен парақор» дейтін пікірден арыла алмай келеміз. Содан болар, ел ішінде оларды өз атауымен емес, «шенеунік», «атқамінер», «шенді-шекпенділер» деп кекесінмен атайтындар көп. Солай бола тұра, бүгінгі қоғамда кез келген ата-ана баласының мемлекеттік қызметші болғанын қалайды. Құдайшылығын айтайық, бүгін біз баламызды кішкентайынан «әкім бол, министр бол, сот бол, прокурор бол, банкир бол, әйтеуір, бір бастық бол» деп тәрбиелейміз. Ең құрығанда, кеденші, салық қызметкері, қаржы полицейі, жол полицейі болса екен дейміз. Мойындауымыз керек, қазіргінің беделді тұлғалары – осылар, бұл салада жүргендердің табысы да мықты. Батыс елдерінде жастар ғалым, кәсіпкер, дәрігер, журналист, әйтеуір бір саланың мықты маманы болуды армандаса, біздің балалар әкім не министр болудан дәмелі. Қазір біз оларға «әкім не министр бол» деп тілек айтып, бата беретін болғанбыз. «Азамат бол, батыр бол, шыншыл бол, әділетті бол, қиналғандардың қорғаны бол!» демейміз. Өйткені, шындық пен әділдікпен өмір сүрген адам өмірде де, қызметте де ештеңеге жете алмайды деп ойлаймыз. Әйтпесе, шенеунік не сот болып, мемлекетке қызмет еткенге не жетсін?! Бұл да бір үлкен абырой емес пе?!
Гүлжамал МҰСАЕВА