29.07.2018, 06:11

Алматыда инклюзивті балаларға арналған тағы бір ойын алаңы ашылды

Бүгін Бостандық ауданында Ботаникалық бақ аумағында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған 8-ші инклюзивті балалар ойын алаңы ашылды. Бұл игі істі аудан әкімдігінің қолдауымен «Болашақ құрылыс» ЖШС қолға алып, балаларға тарту етті.

Ерекше бүлдіршіндерге арналған алаңның ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Балбаева Маржан Ертайқызы: «Қазіргі таңда ауданда денсаулығы ерекше балаларға арналып барынша жағдайлар жасалып жатыр, солардың бірі міне бүгінгі алаң. Аудан бойынша бұл 8-ші алаң, оның 5-уі ауданның аулалары ішінде бюджет қаражатынан салынса, ал 3-і қайырымды демеушілердің көмегімен салынып, балаларға тарту жасалуда», - деп атап өтті.

Инклюзивті балалар ойын алаңын орнату қаладағы ең әдемі саябақтардың бірінің инфрақұрылымын жақсартумен қатар, мүгедектерге арналған қалалық ортаға қол жетімділікті арттырып, Қазақстанда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция бойынша міндеттемелерін орындауын күшейтеді.

Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімдігі, «Болашақ құрылыс» ЖШС, мүгедек балаларға арналған әлеуметтік үй өкілдер, мүмкіндіктері шектеулі балалар және олардың ата-аналар және мүгедектер қоғамының төрағасы қатысты.

Еске салайық, Алматыдағы алғашқы инклюзивті ойын алаңы былтыр қазан айында ашылған болатын. Жалпы көлемі 480 шақырым болатын кедергісіз алаңда балдырғандардың өсіп-жетілуіне оң әсер ететін элементтер: төбешігі және кең пандусы бар ойын кешені, бейімдеу әткеншегі мен құмдық, музыкалық компонент­тер, фитнес-тренажерлер және басқалары бар. Тренажерлер мен ойын элементтері балалардың вестибулярлы және есту қабілетін арттырады, дене қозғалысы мен тактильді сезінуді жақсартады. Ақпараттық панелдер Брайлдің тактильді шрифтін ұсынады, қимыл тілін, PEKS карточкасын көрсетеді, ерекше балдырғандарға өзге құрдастарының коммуника­цияларын ұғына білуді үйретеді.