$ 489.06  536.21  5.05

Биыл 8 айда мемлекеттік бағдарламалар аясында 7,7 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді

Үкімет соңғы бірер жылда тұрғынүй салу қарқынын айтарлықтай арттырды. Оған Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары арқау болып отыр. Сонау екі мыңыншы жылдардың басынан бері шешімін таппай, күрделі проблемаға айналған қолжетімді баспана қазақстандықтарға енді ғана шынайы қолжетімді бола бастағандай.

Қос бағдарлама да баспананы мұқтаж жандарға төмен пайыздық несиемен және ұзақ жылға береді. Бұл біріншіден үй алушының қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді, екіншіден оларға мемлекеттің өзі кепіл болады. Үшіншіден осынау қос бағдарлама құрылыс компаниялары мен екінші деңгейлі банктердің де жұмысына айтарлықтай серпін беріп отыр.

Тұрғынүй нарығында әсіресе биыл көрсеткіштер жоғары. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, аталған қос бағдарламаның аясында елімізде биыл 7,7 миллион шаршы метр тұрғынүй салынып, кезекте тұрған азаматтарға үлестіріліп берілген. Бұл туралы министр бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде айтып берді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы мен «7-20-25» халыққа жеңілдетілген несие беру бағдарламасының іске қосылуына байланысты тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияның өсімі байқалып отыр. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 702 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ол өткен жылдағы деңгейден 31%-ға артық. Биыл 7,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112%-ға артып отыр», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, жыл соғңына дейін пайдалануға берілетін тұрғынүйдің жалпы аумағы 12,1 миллион шаршы метрге жетеді екен.

«Республика бойынша барлығы 67 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 27 мыңға жуық жеке үй бар. Жоспар жыл соңына дейін толық көлемде орындалатын болады (жоспар 12,1 млн. шаршы метр). Айта кететін бір жайт, бұрын жеке тұрғын үй салу құрылысы басым болса, қазір көпқабатты үйлердің көлемі артты», - деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жыл сайын сатып алу құқығынсыз арендалық 3 мың пәтер салынады. Бұл үйлер әдетте әлеуметтік жағдайы аса төмен жандарға, жетімдерге және мемлекеттік қызметте істейтін азаматтарға беріледі.

«Бағдарламада 2 жыл ішінде барлығы 6182 арендалық пәтерді (331,0 мың ш. м) пайдалануға беру жоспарланған. Биылғы жылдың 8 айындағы 922 пәтерді (49,6 мың. ш. м) қосқанда бүгінгі күні 3542 пәтер салынды (196,2 мың ш. м). Әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау төлем ақысы шамамен 100 теңгені құрайды», - деп атап өтті министр.

2 жылға жуық уақытта әкімдікте кезекте тұрған азаматтар (тұрақты табыстары бар мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер) мен Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі салымшылары үшін биылғы 8 айда тапсырылған 1970 пәтерді қосқанда 18,5 мың кредиттік пәтер пайдалануға берілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биылдан бастап жыл сайын 40 мың учаскеге инфрақұрылым желілерін тартуды жоспарланып отыр. 14 облыс орталығында бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгені құрайтын бірыңғай сәулеттік стильде пилоттық жобаларды іске асыру жалғастырылуда.

«Баспана» ипотекалық ұйымының дерегі бойынша, бағдарлама іске қосылғаннан бергі 2 айда халықтан қатысушы-банктерге ипотека алуға 2562 өтініш түскен. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 20,0 млрд. теңгеге 1695 ипотекалық қарыз беру қолдау тапты.  Қалған өтініштер екінші деңгейлі банктердің қарауында жатыр.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жер» мемлекетік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы 2016 жылдың соңына қарай қабылданған болатын. Бағдарлама аясында жылына 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осылайша 15 жылдың ішінде шамамен 1,5 млн отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспары жасалған.

Ал, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы биыл көктемде жарияланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» бір тармағы. Елбасы осынау құжатта үкіметке баспана мәселесін шешудің тетіктерін айқын көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары