$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте қос үшем дүние есігін ашты

Қуанышты жаңалық! Шымкент қаласында қос үшем дүниеге келді. Шымкенттің демографиялық дамуына үлес қосқан аналарды денсаулық сақтау басқармасының басшылығы құттықтап, үшемдерге сый-сияпат жасады.

Қала тұрғындары Аида Баянболова үш бірдей қызды дүниеге әкелсе, Гүлмира Қуандықова екі қыз бен ұл баланың анасы атанды. 33 жастағы Аида Баянболова 12 жыл бойы сәбилі болуды армандағанын айтады. Енді Аиданың шаңырағында Айзере, Алуа, Айзия бар.

– Мерзімінен бұрын дүниеге келген үшемнің өкпесі дұрыс дамымай туылғандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазір балалардың денсаулығы жақсы, салмақ та қосты. Анасына үшемге қалай күтім жасау қажеттігін түсіндірдік, - деді Шымкент қалалық перинаталды орталықтың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Насиба Қорғанбаева.

Ал 22 жастағы Гүлмира Қуандықованың босанғанына бір апта болған. Сәбина, Әлинұр, Адина есімін иеленген сәбилер күніне жетпей туылғанымен, дәрігерлердің көмегінің арқасында жағдайлары бірқалыпқа түскен. Үшем мен аналары әлі біраз уақыт перзентханада дәрігерлердің бақылауында болады. Жас ана перзентхана дәрігерлеріне алғысын жеткізді.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная аналарға ыстық ықыласын жеткізіп, балаларының сау болып өсуіне тілектестік білдірді. Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері 10 мыңнан аса сәби дүние есігін ашқан.

«SN.kz» - ақпарат»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Шымкент #Үшем