$ 447.4  477.55  4.76

Оңтүстікте «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша мәдени ошақтар жаңартылуда

Бәйдібек ауданында жыл соңына дейін үш мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Боралдай, Шалдар, Екпінді елді мекендеріндегі мәдени ошақтар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы мен облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған ғимараттар соңғы 45-50 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген болатын. Айта кетейік, аудандағы 58 типтік және типтік емес мәдениет нысандарының 8-і күрделі жөндеуді қажет етсе, биыл оның 6-на мемлекеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері күрделі жөндеуден өткен Шақпақ, Шыбыт, Ақмешіт ауылдық мәдениет үйлері қазіргі таңда пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. 

Сондай-ақ, Бәйдібек ауданында бюджет шығындарын үнемдеу мақсатында оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Мектептердегі кітапханалар мен мәжіліс залдарын бірлесе пайдалану үшін ауылдық елді мекендердегі 32 мәдениет ошағының типтік емес 23 ғимараты мектеп жайына көшіріліп, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Айта кетейік, «Жұмыспен қамту 2020» - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты - жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру[1].

Мемлекет басшысы өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеді.

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.

Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру барысында елде қарқынды дамушы еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі мен жұмыспен қамту деңгейі тұрақты өсуде. Соңғы 10 жылда жұмыспен қамтылған халық саны 6698,8 мыңнан 8141,4 мың адамға артты, ал жұмыссыздық деңгейі 2001 жылғы 12,8 %-дан 2010 жылдың соңында 5,5 % төмендеді.

Жол картасы шеңберінде жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы шараларын әзірлеу және іске асыру әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерімен байланысты уақытша экономикалық қиындықтар кезеңінде (2008 – 2010 жылдар) де жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшу, бір жағынан, жұмыспен қамтудың одан әрі өсу мүмкіндіктерін кеңейтеді, екінші жағынан – еңбек нарығына жұмыс күшінің ішкі резервін тартудың, еңбек ресурстарының сапасы мен экономикалық белсенділігін арттырудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және іске асыруды талап етеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары