$ 498.34  519.72  4.85

Әнел Сытдықова әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

«Өткен түні Әнел 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті», - дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жерлесіміз Әнел Сытдықова әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті! Өткен түні Әнел 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. «Қазақстанның темір ханшайымы» атағын бірнеше мәрте иемденген біздің триатлоншымыз Әнел Сытдықованы, бапкерлерін, жақындарын таңдай қағуға тұрарлық нағыз жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Спортшыларымыз жеткен жетістік – біз үшін де зор мәртебе!» – дейді әкім.

Ескерте кетсек, мақтаулы спортшымыз Әнел Сытдықова Орал қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортқа бейім болған ол Алматыда жоғары оқу орнын, кейін Кембридж университетін тәмамдады. Әнелді көпшілік Қазақстаннан шыққан Тұңғыш Айронмен (Ironman), Тұңғыш Ультрамен (Ultraman) ретінде таниды. Яғни, ол – суда жүзу, велосипед тебу және жүгіру бойынша марафон қашықтығын бағындырған бірден-бір қазақ спортшысы. Айта кетерлігі, әзірге Әнелдің жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асатын Ла-Манш бұғазын бағындыру сынды ерлігін ТМД аумағында ешкім қайталай қойған жоқ. Ол триатлоннан Малайзия, Канада, Швейцария және Нидерланды елдерінде жүлдегер атанды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары