08.10.2019, 17:25

Біздің биліктегі сәләфилер мен гүленшілер өзара «қақтығысып» жатыр

фото: ktk.kz
Сәләфилер қолданысқа өздері енгізіп алған кейінгі арабтық азғындаушы дәстүрін, гүленшілер түрікті іштен іріте түскен «сасық саясатын» тықпалап әлек.

Әдетте біз «саясатқа дінді, дінге саясатты араластыруға болмайды» дейміз. Араластырып та жатқан ешкім жоқ. Алайда, 2000-жылдардың басынан бері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдар ішкі саясатқа кіріге бастады. Тіпті, олардың өлермен өкілдері бір-бір орынтаққа мықтап орнығып та алған.

Ескерте кетейік, бұл ретте саясатқа дін емес, діннің атын жамылған секталар араласуда. Бәрінің көксегені – бір билік. Жоғары жаққа жол ашып алып, сіз бен бізді мұрындықты түйеше «айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп» ұстамақшы. Сәләфилер қолданысқа өздері енгізіп алған кейінгі арабтық азғындаушы дәстүрін, гүленшілер түрікті іштен іріте түскен «сасық саясатын» тықпалап әлек. Әйтеуір, бұл екі топ та қазақ болуды ар санайтындай. Өзінің ата-баба дәстүрін, салт-жоралғысын мансұқтап, жоққа шығарып әлек.

Билік бишігіндегі осы екі топтың орта және төмен деңгейдегі тәжірибесіз мүшелері әлеуметтік желілер арқылы жиі ұстасып қалып жүр. Өздерінің қай бағытты ұстанатындығын көптің көзін бақырайтып қойып, ашықтан-ашық білдіруде. Сондықтан да бейтарап көзқарастағы адамдар олардың жоғары лауазымдарды түгел меншіктемек пиғылын әшкерелей түсті.

Мысалы, facebook парақшасында қоғам белсендісі Бауыржан Серікбаев: «Саяси ислам факторының ең алғашқы белгілері бізге де келіп жетті. Түркияда Гүленшілер, Нұршылар, пантүркистер, ұлтшылдар деп бөлінетін саяси факторлар бар. Мемлекеттік саясатта, халықтың пікірін қалыптастыруда кәдімгідей күшке ие. Тіпті, осы бағыттарда саясат құрып, билікке келгісі келетін саяси партиялар да жұмыс істейді» деп жазды. Оның пікірінше, саяси ислам факторы бүгін болмаса, ертең біздің де алдымыздан проблема болып шығады.

«Келешектің саясаткерлері болатын жастар қазірден бұл аталған ағымдарды зерттеп, дамуын, лидерлерін, артында кімдердің тұрғанын көңілге түйіп, жеткілікті деңгейде біліп жүруі шарт. Бұл – біздің қоғамның бір бөлігі. Қазір болмаса да мемлекеттік жүйе сәл әлсіреген алмағайып заманда бұл факторлар түбі саясатқа ықпал етпей қоймайды. Келешекте белгілі бір діни ағымға бүйрегі бұратын саясаткерлердің шығуы да бек мүмкін. Қазірдің өзінде діни сенімі бойынша жастардың, оның ішінде оқыған жастардың бір-бірін сыртынан сынап, өзара жік-жікке бөліну процесі – біздің қоғамның бір көрінісі. Менің ойымша, бүгінгі басқару жүйесінен келешек ұрпаққа саяси ислам факторы проблема болып мұраға қалады», - деп күдігін ашық жеткізген ол.

Сол сияқты, журналист Жолымбет Мәкіш те діни топтар қақтығысын жақсы білетін Тұрарбек Құсайыновтың секта мен саясаттың әлдеқашан-ақ бітеқайнасып кеткені туралы жазған көлемді мақаласын жүктеген.

«Өзге діни идеологияға құрылған ұйымдардан ислами ағымдардың басты ерекшелігі, олар үнемі мемлекеттік билік тармақтарынан өздеріне жақтастар табуға ұмтылады. Бұл – билікке жетудің стратегиялық жоспарының бір бөлігі ғана емес, мұны олар ағымдағы әрекетінің қорғаны, жамағат ауқымын кеңейту қажеттігін сезінгенде және кейде заң шеңберінен шығып кететін өрескел қадамдар жасаған кезде өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ресурс деп санайды. Бұл – діни ағымдар мен тариқаттар арасындағы өзара идеологиялық күрестің негізгі себептерінің бірі», - депті Тұрарбек Құсайынов.

Ал ондай жоспарды жүзеге асыру үшін адасқан ағымдар дәстүршілдік, ұлтшылдық, патриотизм сынды «сезімге әсер етудің тетіктерін» жақсы пайдалануда. Сол үшін қатарларын ақын-жазушы, журналист, әнші, актер, спортшы сынды «насихатшылармен» арттырып отыр. Тіпті, олар елдің ішкі-сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған әскерилер мен полицейлердің алдында руханият тақырыбында дәріс оқыған болуды да әдетке айналдыруды көздейді.

«Өзінің наным-сенімін жаппай қазақ халқына тықпалаған діни идеологтардың өзара өшпенді әрекеті «дінге күштеу жоқ» деген зайырлылық принципі шеңберінен шығып кете береді. Қолайлы сәт туғанда билік ресурстарын пайдаланып, қарсыласын тұқырта берудің соңы қоғамдағы тұрақтылықты шайқауға апарады... Кейбір оқиғалар «Мен қалай рухани жаңғырдым» атты өмірбаяндық кітабымда жазылды. Сонда байқағаным, биліктегі беделді адамдарды өздерінің ықпалына түсіру үшін діни идеология уағызшылары арасында тартыс жүреді» деп жазыпты Тұрарбек Құсайынов.

Оның айтуынша, кезінде гүленшілер сәләфилік ағым өкілдерімен уақытша болса да мүдде біріктіріп, ҚМДБ маңына топтасқан. Ол кезде бұл топтың ақпараттық-идеологиялық базасы нашар болыпты. Ал сәләфилік ағымның ықпалына біршама еліткен айтыс ақындары ғана «зікіршілерді» ауық-ауық соққылап отырған. Ал қазір сол елдегі сәләфизм ағымының ықпалына түсіп, намазға жығылып, қажылық жасап келгендердің басым бөлігі технарьлар екен. Олардың қатарында өмірге объективті қарайтын, экономиканың түрлі саласы бойынша білім алғандар мен әскери оқу орындарының түлектері бар көрінеді.

Бұдан бөлек, сәләфилердің көбі – оқымаған-тоқымаған, өзіндік көзқарас-пікірі жоқ біреулер. Негізінен солар эмоцияға беріліп, биліктегі «рухани пірлерінің» құпия ұстанымдарын білдіртіп қойып жатыр. Ал гүленшілер өздерінің кім екенін білдірмейді. «Сақалы ұзын, балағы қысқа» дегендей сырт белгілері жоқ. Қасыңызда жүруі де мүмкін. Бұл дегенің – қоғам үшін өте қауіпті жайт.

Бағылан ҚИЛЫБАЙ