$ 447.4  477.55  4.76

Күйеуінен «жеңілжүрісті» деген сөз естіген келіншек адалдығын дәлелдей алмай жүр

Келіншектің айтуынша, күйеуі де, өзі де қараторы адамдар. Жаңа туған сәби не себепті екені белгісіз, сары түсті, көк көзді болып дүниеге келген.
фото: osken-onir.kz
фото: osken-onir.kz

Ақтөбе қаласының Айнаш есімді тұрғыны осыдан бірнеше ай бұрын ана атанып, тұңғыш сәбиін дүниеге әкелгенін айтады. Алайда, бүгінде жас келіншектің бақыты баянды бола қоймағанға ұқсайды. Себебі, ол ұлының тәтті қылығына қуанудың орнына, күнделікті күйеуінен жәбір көріп жүргенін жасырмайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ер-азамат дүниеге келген баланың мүлдем өзіне ұқсамайтынын айтып, әйеліне қол жұмсайды екен. Түрлі балағат сөздер жаудыратын отағасы жас ананың намысына тиюді тоқтатпайтын көрінеді.Оның үстіне, енесі де баласын қолдап, арадағы жанжалды одан сайын өршіте түскен. Қиын жағдайда қалған келіншек күйеуінің алдында ары таза екенін дәлелдегісі келеді.

Айнаш осыдан үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Болашақ күйеуі Бағланды кездестіргенде, махаббаттан аузы күйіп үлгергенін айтады. Себебі, бұрынғы сүйіктісі төсек қатынасына көндіріп, жас қызды абыройынан айырған. Алайда, кейін жауапкершілікті мойнына алмай, амалын тауып бойжеткенді тастап кетіпті. Тығырыққа тірелген ару болған жағдайды болашақ жарына жасырмай айтып берген. Бағлан да түсіністік танытып, Айнашқа өткен өмірін қазбаламауға уәдесін беріпті.

«Мен Бағланға өте риза болдым. Ол өзінің іс-әрекетімен маған деген сезімінің шынайы екенін дәлелдеді.
Мен «қыз» болмасам да, маған ұсыныс жасап, келіншегі болғанымды қалады. Тойға дейін артық әрекет жасап, төсекке сүйрелеген жоқ. Өте бақытты болып жүрдім. Менің құпиямды екеумізден басқа ешкім білген жоқ», - дейді Айнаш.

Тойдан кейін Айнаш ата-енесімен бірге тұрған. Үлкен кісілердің алдында қызмет жасап, келіндік міндетін абыроймен атқарып жүріпті. Бағланның тапқан жалақысын қажеттеріне жұмсап, ел қатарлы өмір сүре берген.
Алайда, жас келіншек біраз уақытқа дейін бала көтере алмай қиналған. Арнайы емнен кейін ғана аяғы ауырлап, қуанышты жаңалықты жақындарға хабарлаған.

«Өкінішке орай, қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Қыстың күні мұзға тайып, құлап түстім. Соның кесірінен түсік жасап, ауруханада жатуға мәжбүр болдым. Күйеуімнің де көңіл-күйі болмай жүрді. Араға бірнеше ай салып, екінші мәрте жүкті болдым. Бұл жолы Бағлан маған ерекше қамқор болып, барлық еркелігімді көтеріп жүрді. Өзімді ханшайымдай сезінетінмін», - дейді ол.

Десе де, Айнаштың бақытты күндері босанғаннан кейін аяқталған. Ең алғаш сәбиін қолға алған Бағланның түрі бұзылып кетіп, сүйікті жарына қатулы қабақпен қараған. Бастапқыда жас ана не болғанын түсінбей қалған. Мәселенің мәнісін кейін білген екен.

«Бағлан маған да, сәбиімізге де салқындық танытып жүрді. Ұлымыз шырылдап жылап жатса да, қасына жоламайтын. Бір күні түнде күйеуім мені оятып алып, жанжал шығарды. Баланың мүлдем өзіне ұқсамайтынын айтып, мені жеңіл жүрісті әйелге теңеді. Достарының барлығы Бағланды мазақ ететін көрінеді. «Балаң өзіңе неге ұқсамайды?» деп сұрай береді екен. Жолдастарымен болған отырыстан кейін үйге келіп мені аямай соққыға жықты. Үш күн орнымнан тұра алмай жаттым. Айқайдың кезінде ата-енем менің таза болып келмегенімді біліп қойды», - дейді Айнаш.

Келіншектің айтуынша, күйеуі де, өзі де қараторы адамдар. Жаңа туған сәби не себепті екені белгісіз, сары түсті, көк көзді болып дүниеге келген.

Келінінің сырын біліп қойған енесі де Айнашқа жылы қабақ танытпайтын болыпты. Ендігі кезекте жас ана не істерін білмейді.

«Төркініме қайтқым келеді. Алдымен әкелікті анықтайтын сараптама жасатуды ойластырып жүрмін. Бағланға айтқанымда, мән беріп тыңдағысы келмеді. Бірақ, мен күйеуімнің алдында өзімнің адал екенімді дәлелдемекпін. Сүйіктімнің мені жазықсыз кінәлағанын қаламаймын. Туған анама болған жағдайдың бәрін айттым. Ол кісі мені қабылдауға дайын», - дейді Айнаш.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары