«Білгенімді өзгелерге үйрету - адамдық парызым» деген ұстанымдағы Нelen Қазақстанға келгендегі алғашқы әсері, қазақ халқы, қоғамдық орта жайлы көзқарастарын айтып, арнайы Skifnews.kz ақпараттық порталы үшін сұхбат берді.
— Нelen, алдымен Қазақстанға келуіңізге не түрткі болғанын айтып берсеңіз...
— Ес білгелі өз елімнен басқа әлемде не бар, қандай қызықты дүниелер бар екен деп жиі ойлайтынмын. Сондықтан көп іздендім, оқыдым. Әлемнің жаңа парақтарын ашуды алдыма мақсат етім қойдым. Уақыт өте келе алыс-жақын ешт елдерге шыға бастадым. Қазір саяхаттау хоббиіме айналдым. Бұған кейін Азия, Еуропа елдерінің көптеген қалаларында болғанмын. Туристердің сүйікті демалыс орнына айналған Дубай қаласында жұмыс істеп жүрген кезімде бірде әріптесім Ақмарал Қазақстанда жұмыс жасауға шақырды. Ол Нұр-Сұлтандағы Lara’s House ағылшын тілін оқыту орталығының негізін салушы. Әріптесімнің ұсынысын бірден қабыл алдым. Себебі, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп, осы елдің болмыс-бітімін, қоғамдық ортасын көріп, жаңа мүмкіндіктерге қолжеткізгім келді.
— Алғаш рет Қазақстанға келгенде қандай сезімде болдыңыз?
— Алғашқы әсерім қызық. Беймаза күй кештім. Себебі қайда, қалай бара жатқанымды білмедім. Оған қоса, «Нұр-Сұлтан қаласында ауа райы өте салқын болады» деп айтқан таныстарымның ескертпесі мені үрейлендірген еді. Жалпы, күннің суықтығын ұнатпаймын. Бірақ, бұл сезімім бірден өзгеріп сала берді. Өйткені, мұндағы бастығым жолдан келгенімде мені күтіп алу үшін бірнеше адам жіберді. Жарасымды жұптар мені күтіп алып, осында өз үйімдегідей сезінуге мүмкіндік сыйлады. Олар маған қалың киімдер сыйлап, жылы жерге апарып, тыныш ұйықтауға жағдай жасады, тіпті, тәтті-дәмді тамақтарды алдыма қойды. Жақсы жандарды арқасында суық елді, Астананы жақсы көріп, тез бейімделіп кеттім.
— Қазақстан мен Кения халқының өмір сүру салтында қандай айырмашылықтар бар?
— Бір байқағаным қазақтар шайды көп ішеді екен. Негізінен дүние жүзіндегі шайдың көп бөлігін Кения өндіреді ғой. Десе де, қазақтар шайдың отанындағылардан да көбірек шайды тұтынады екен. Тіпті, азаннан кешке дейін шай ішу әдеттеріне айналған ба деп қалдым. Мысалы, жұмыс істеп отырса да, шай сораптап отыратындарды жиі кездестірдім. Мұнда жейтін тамақтарымыздың көбісі қайнатылған, қуырылған немесе шикі тамақтар. Ал, менің елімде тамаққа чили секілді түрлі қоспалар мен дәмдеуіштер қосу қалыпты жағдай. Тағы бір байқағаным, қазақстандықтар халық жаяу жүргенді ұнатпайды. Сондықтан көбінесе, автобус, таксиге мінеді. Тіпті, жақын жердің өзіне такси шақыртып немесе қоғамдық көлік арқылы жетеді. Оған қоса, байқағаным мұнда қыдыратын түрлі қызықты жерлер көп, караоке-залдары, театр, мәдени және ойын-сауық кешендері біздің елдегіге ұсқас.
Бәрінен бұрын мұндағы ауа райының құбылмалылығы таңғалдырды. Астанаға күзде келдім. Ауа райы бір мезетте күншуақты, желді, салқын әрі суық болып өзгеріп кететініне қайран қалдым. Қалайша, ауа райының түрлі өзгерістері бір уақытта қалайша жұмыс істейді деп таңғалдым (күліп).
Ағаштардан жапырақтардың біртіндеп жерге түсіп, сары алтын түске боялғанын көру қызықты болды. Нәтижесінде ағаштар скелет секілді болып қалады екен. Тағы бір қызықты жайт, мұндағы адамдар бір емес, бірнеше тілде сөйлейді екен. Араларында бірыңғай орысша немесе бірыңғай қазақша сөйлейтіндер бар. Қазақстанда екі тілдің қақтығысы өршіп тұрғанын байқадым. Себебі, көшеге шықсам кімге қай тілде сөйлесетініңді білмейсің. Орысша сөйлейтіндер де, қазақша сөйлейтіндер де көп. Тіпті, менімен таза ағылшын тілінде сөйлескендерде болды. Бәрінен де көңіліме жылылық ұялатқан қазақтардың бір жақсылығын айта кетейін, қазақтар өте қамқор, кез келген жағдайда көмек беруге дайын халық. Адаммен жай ғана жылы сөйлесіп, жақсы жауап беретіндіктері ұнады.
Бірде әріптестерім қазақтардың кешкі отырысына шақырды. Яғни, қазақтардың отырысында болуға мүмкіндік туды. Ол сәтте өте керемет өтті. Дастархандағы тамақдың дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Дастархан толы осыншама көп тамақты бұған дейін еш жерден көрмеппін. Қазақтардың ұлттық тамақтарынан да дәм таттым. Айтпақшы, ұлттық астарыңыз бешмармақты жеп көрдім. Маған ұнады. Жергілікті халықтың әніне биледім. Қыздармен кеш барысында қызықты ойындар ойнадық.
Кеш соңында жүргізуші қатысушылардың барлығына үйге апаратын арнайы сыйлықтар таратты. Бұған қатты қуандым. Сыйлық беру өздерінің дәстүрі екен.
— Қазақстан мен Кения жастары неге қызығады, олардың білім алуға деген белсенділіктері қандай?
— Қазақ жастарымен араласуға көп уақытым болмады. Бірақ, олардың мектепке, колледже, ЖОО-на білім алуға бара жатқандарын жиі көрдім. Кенияда білім беру саласы мүлдем бөлек. Мысалы, бізде балалар мектепке ерте жастан қабылданады. 3-4 жаста балалар мектеп табалдырығын аттап, тіпті, бастауыш мектепте 8 жыл оқиды. Ал, орта және жоғары мектептердің әрқайсысында төрт-төрт жылдан білім алады. Бірақ, Кенияда қазіргі таңда жаңарту, өзгерту үшін білім саласы толықтай қайта қаралып жатыр.
— Нұр-Сұлтан қаласында немен айналысып жүрсіз?
— Астанада орналасқан Lara's House – ағылшын тілін оқыту орталығында сабақ беремін. Кішкентай баладан бастап, үлкен кісілерге дейін ағылшын тілін үйретемін. Менің ең кіші оқушым - 5 жаста болса, ең үлкен шәкіртім - 65 жаста. Мұнда білім алушылардың ағылшын тілін меңгеруге деген талабы мен қызығушылығы мол.
— Енді Кенияның дәстүрі, өмір сүру салты жайлы айтып берсеңіз. Қазақстанмен ұсқастықтары бар ма?
— Кенияда халық саны көп. Шамамен халық саны 45 миллинонға жуық. 45 тіл немесе тайпа бар. Әр тайпа өздерінің жеке мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтайды. Біздің қазақтармен ұқсастықтарымыз мол екен. Байқағаным, қонақжайлылық, жақсы тамақтануға және музыкаға деген қызығушылықтарымыз ұқсас. Қазақтардың музыкасы әдемі, ерекше әрі анық, құлаққа жағымды естіледі.
— Нelen, сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ