$ 498.34  519.72  4.85

Туыстары үшін «отырып» қалған шымкенттік қыз танымайтын «құда түскіштерден» шошынды

Анама да бәрі менің тұрмыс құрмағанымды ескерте берді. Бір күні үйде кешкі тамақ ішіп отырғанбыз. Бір топ адам сау етіп кіріп келді. Ішінде өзімнің нағашы әжем бар. Әлгі топ адам мені айттыруға келген екен.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Еліміздің оңтүстік өңірінде жасы жиырмадан асқан қыз баланы жедел түрде күйеуге беру дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Әсіресе, Түркістан облысы мен Шымкент өңірінің халқы үшін жиырмадан енді асса да, тұрмыс құрмаған қыз "отырып, орнын таппаған" адам саналады. Сондықтан мұнда екі жасты таныстырып, бір-бірін сүймесе де, үйлендіріп жіберетін жағдайлар көп. Сарыағаш ауданының тумасы, 24 жастағы Әсел Сәрсенбаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өзінің жүрегі қаламайтын жанға күйеуге шығудан қалай бас тартқанын баяндап берді.

Әсел Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін үздік дипломмен тәмәмдап, үлкен қаланың тіршілігіне бейімделген, кез келген қиындықтан шыға білетін бойжеткен болып қалыптасты. Көпбалалы отбасынан шыққан Әселдің пайымынша, отбасы екі жақтың сүйіспеншілігімен құрылып, бала таза махаббаттан дүниеке келу керек. Алайда, дәл бұлай ойламайтын жандар да бар. Әсіресе, үлкендер жағы. Әсел биылғы жазда өзін айттырып келген екі жігіттің хикаясымен бөлісті.

"Жұмыстан біраз демалыс алып, жазда туған ауылыма бет бұрдым. Жақындарымның бәрі жасы 24-ке келген мені күйеуге бере алмай әлек. Менің күйеуге кететін уақытымның келгенін де, тіпті, күйеуге шығатын жастан асып кеткенімді де айтатын туыстар көп. Өкінішке қарай, біздің оңтүстік өңірде мұндай жайт көп кездеседі. Біздегі үлкендер жағының пікірінше, қыз баланың жиырмада күйеуге кеткені дұрыс.

Шама келсе, қыз баласы оқу бітірген соң, оны ұзатуға қамдана бастайды. Ал жасы 24-ке (!) келген мен көптеген туыстарым үшін "отырып" қалған қыз едім. Анама да бәрі менің тұрмыс құрмағанымды ескерте берді. Бір күні үйде кешкі тамақ ішіп отырғанбыз. Бір топ адам сау етіп кіріп келді. Ішінде өзімнің нағашы әжем бар. Әлгі топ адам мені айттыруға келген екен. Иә, 21 ғасырда, әлеуметтік желі дамып, адамдар WhatsApp-сыз күн көре алмайтын заманда да қызбен осылай танысатындар бар екен", - деді таңданысын жасыра алмаған Әсел.

Әселді өзінен бес жас үлкен жігіт айттыруға келіпті. Ол жігіт өзі келмей, қасына әке-шешесін ерте келген.

"Шыны керек, қатты таң қалдым. Оқыған, көзі ашық, білімді адамдың мұндай қадамға барғаны, расында, қызық екен. Әрине, менің ол жігітпен сөзім жараспады. Бір апта сөйлескен соң, оның менің адамым еместігін түсіндім. Осылайша, бұл оқиға тыныштала бергенде, тағы бір туысымыз мені өзінің досының баласымен қоспақшы болды. Ол жігіт менімен құрдас екен. Бір көргеннен-ақ, оны ұнатпайтынымды сездім.

Бірақ тума-туыс пен айналамдағылар айта берген соң, шынымен де шыға салу керек деп ойладым. Барлығы кейін сүйіп кетесің дегенге саятын ақыл айта бастады. "Қазір жігітім жоқ. Тіпті, сүйген адамым жолықса да, онымен 1-2 жыл жүру керек" деген "паразит" ойлар оянды. Көпшіліктің анамды түртпектей бергені де жаныма батты. Содан соң, бір ай рұқсат алып, Алматыға кетіп қалдым. Ойымды жинақтап, мұндай неке маған керек пе деген сұраққа жауап іздедім.

Ойым сан-саққа кетіп, ақыры сол жігітке тұрмысқа шыға саламын деген тоқтамға келген едім. Бірақ біздің емес, Алланың айтқаны орындалады емес пе? Мен күтпеген жерден өзімнің болашақ жарымды кездестердім. Сүймеген адамға өзімді қалай қиярымды білмей жүргенде, Алла өз сүйіктімді жолықтырды", - дейді ол.

Осылайша, Әсел айналдырған бір айдың ішінде көпшіліктің қоштауымен сүймеген адамына тұрмысқа шыға жаздаған. Қуанышқа қарай, өзінің жүрек қалауын кезіктіріп, көктемде өтетін тойына дайындалып жатыр.

"Еліміздің оңтүстігіндегі ауылдарда мұндай жайттар көп кездеседі. "Бізді де солай алып келген. Сүймей-ақ қосылғанбыз. Бізді сүйіп қосылды дейсің бе?", деп ақыл айтатын жеңгелер көп. Шынымды айтсам, бұл дұрыс емес. Әлі күнге дейін қызға батылы жетпей, ата-анасымен айттырып келетін жігіттердің барына таң қаламын. Ал қыз баласын жиырмаға келгенде-ақ күйеуге беруге асығу, меніңше, дұрыс емес. Алла әр нәрсені өз уақытымен келтіреді. Шынайы махаббатпен қосылған жандар ғана бақытты болады", - дейді Әсел.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары