Салтты санада ғана сақтау жеткіліксіз. Рухани құндылықтарды тұрмыс-тіршілікте де пайдаланса, оның өміршеңдігі арта бермек. Бүгінде аға буынның есінде бар, бірақ, көпшілік біле бермейтін салт-дәстүрлердің бірі — түйемұрындық.
Түйемұрындық — қыз ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, көрші ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Оны қазақ кәдесінде «түйемұрындық» деп атайды.
Бұл кәдесыйды, әсіресе, ауылда өскендер жақсы біледі.
«Түйемұрындық» бергенде қыздың төркіні құдаларға қызды ғана емес, түйені де береді. Ал түйенің ботасын өздері алып қалады. Арада жылдар өтіп, баяғыда ұзатылған қыз баласы келіншекке айналып, үйіне туған баласын көтеріп, өз күйеуін ерте келгенде, жаңағы ботаны қыздың төркін жұрты, яғни, жиен немересіне бәсіре ретінде атап, сыйлайтын болған.
Ерекше кәдесый жайлы үлкендердің айтары бар. Мәселен, "Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының" директоры Жәнібек Тағаев:
«Менің ойымша, бұл дәстүр қазіргі қоғамға ауадай қажет. Көбіне қаланың аумағында түйе мен жылқыға отырып, өз жұртымен қоштасуға мүмкіндік бола бермеуі мүмкін. Бірақ, аталған ғұрыпты заманауи түрде қолданысқа енгізуімізге әбден болады. Темір тұлпарды да жасандырып, жолай «түйемұрындық» сұрап, сый-таралғыны еншілеу деген сияқты», - дейді.
Қыз төркінінің абыройы мен беделін, құрметін көрсететін келіншек көшінің ерекшелігін, эстетикалық кейпін көрсететін бұл дәстүр қазіргі заманмен үйлесім тапса құба-құп, әрине. Әйтсе де, өткенді ескермей, болашақтың бұлыңғыр боларын ұмытпаған жөн.
Шапағат Сердәлі