Дәл қазіргі таңда елімізде Президенттің 5 институционалдық реформасы аясында әзірленген "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Айтулы реформа Қазақстанды дағдарыстан алып шығып, алдағы уақытта дамыған 30 елдің қатарына кіргізуі керек.
Дегенмен, біздің портал оқырмандары реформаның сәтті жүзеге асуына сенбейтінін білдіріп отыр. Осыдан бір апта бұрын басталған сауалнаманың нәтижесі осындай.
Аталған сауалнама "Қазақстанда жүргізіле бастаған реформалар елді дағдарыстан алып шыға алады ма?" деген тақырыпта жүргізілген болатын. Оған барлығы 341 оқырман қатысып, өз таңдауларын жасады. Нәтижесі төмендегідей:
- Иә, "100 нақты қадаммен" Қазақстанның болашағы жарқын - 2.3% (8)
- Жоқ, Құдайдан өзге Қазақстанға ешқандай реформа көмектесе алмайды - 9.4% (32)
- Қандай реформа жүргізсек те бүгінгі Үкіметпен елде ешқандай өзгеріс орын алмайды - 80.4% (274)
- Дағдарыс - уақытша құбылыс, ешқандай шара қолданудың қажеті жоқ - 0.6% (2)
- Қазақстанда дағдарыс жоқ, болмайды да - 2.9% (10)
Яғни, оқырмандардың 80 пайыздан астамы дәл қазіргі министрлер кабинетімен Қазақстан ешқандай реформаны сәтті жүзеге асыра алмайды деп есептейді.
Расымен де, бұған дейін Президент халыққа қаншама Жолдау арнап, үкіметке нақты тапсырмалар бергенімен, үкіметтегілер оны көп жағдайда қағаз жүзінде орындап отырғандай. Өйткені, осы жолдаулар аясында басталған қаншама мемлекеттік бағдарламаның шарапатын халық тек телеарнадан көріп, газеттен оқып жүр.