$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл не бассыздық?!»: алматылықтар 1 қаңтардан бастап іске қосылған «Сергекке» қарсы өре түрегелді

«Сендер өкімет болып тұрып аздаған көпбалалы аналардың 21 теңгесін төлеуге шамаларың келмей жүргенде, қарапайым халық 39-40 мыңнан жасап қойған бассыз айыппұлдарды қалай төлесін?!».

Жұмабек Әлімхан деген азамат ел шенеуніктеріне «Сергек» бейнебақылау камерасының халықты қанап жатқанына қатысты шағым хат жазып, онысын барлық әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бірінші тонау – тон тонау,
Екінші тонау – хан тонау,
Ал мына тонау – қай тонау?

Кризистен титықтап жүрген халықты сонша қысқандарыңызға жол болсын, атқамінер ел ағалары! Халықта жұмыс жоқ, бәрі қымбат. Осынау қиын-қыстау заманда «Сергек» деген камераны көбейтіп, қанша ақша жинамақсыздар? Барлық жерді сағатына 40 шақырым жасап, бұл не масқара!? Жолдың түрі – мынау, пробка – анау! Алматы жолдарына бөлінген ақшаны жеуден басқа шенеуніктер не біледі?», - деп ашынған ол.

Сондай-ақ, қалаға көптеген адамдардың сырттағы елді мекендерден қатынап жұмыс істейтінін айтқан. Үйлеріне жеткенше қаншама жер жүретін олар қолдағы ақшасының бәрін айыппұлға төлей берсе, сонда не нәпақа таппақ, деген мәселені алға тартып отыр.

«Сендер өкімет болып тұрып аздаған көпбалалы аналардың 21 теңгесін төлеуге шамаларың келмей жүргенде, қарапайым халық 39-40 мыңнан жасап қойған бассыз айыппұлдарды қалай төлесін?! Қай шенеунік немесе қай шенеуніктің баласы сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүр қалада? Алдыңғы, артқы нөмірлерін алып тастап, ойнақтап, қарама-қарсы бағытқа шығып, басып жүргенін көреміз! Бұл не бассыздық?!

Заң қарапайым халық үшін ғана ма!? Жоқ, Украинадағы сияқты сол шенеуніктерді ұстап алып, қоқыс жәшігіне салу ғана қалды ма? Құрметті ел ағалары, бұл бассыздықтан бас тартып, өз елдеріңізді қанағанды қойыңыздар!», - деді Жұмабек Әлімхан.

Бұл ренішін «жәй ғана көлік жүргізушісі, жалпақ тілмен айтқанда, таксист Тайтаразов Тасболаттан хат!» деп аяқтай салған ол, тиісті орындарға жетсін деген ниетпен, көпшіліктен оны көбірек таратуды және өзіндік үн қосуды сұрап отыр.

Сол-ақ екен, алғашқы 3 сағаттың ішінде 500 ұнату белгісі басылып, 400-ге жуық қолдау пікірі жазылған жазбаны 470 адам өз парақшаларында бөлісті. Бұл – «Сергекке» қарсы серпілістің күші үдеп бара жатыр деген сөз.

Еске сала кетсек, біз бұдан бұрын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматыда бірден 400 «Сергек» бейнебақылау камерасы жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары