$ 494.87  520.65  4.91

Жер дауы: Алматы облысының әкімдігі «заңсыз» қоныстанған 203 тұрғынды сотқа берді

«Сот кезінде біз тұрғындардың жағына шығамыз. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ», - деді Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.

Алматының іргесінде орналасқан Жайнақ шағын ауданынан бір жыл бұрын жер сатып алған 200-ден астам адам қыстың көзі қырауда «Жерімізді бермейміз!» деп ұрандатуға мәжбүр. Әу баста ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 15 гектар жердің құжаты 2018 жылы жеке шаруашылық жүргізуге ауыстырылып, шұғыл сатылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

Үй салуды мақсат тұтқан жандар 6 сотық жерді 1,5-2 миллион теңге аралығында сатып алып, құжаттарын заңды түрде мемлекеттік мекемелерге тіркеткен. Аумақта барлығы 407 жер телімі сатылған. Алайда, арада 6 ай өтпей, жердің 203 иесі Іле аудандық сотына шақырту алды.

Заңгер Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, рәсімделген құжаттардың күшін жоюды Алматы облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы талап еткен.

«203 адамның жерін заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа берген – Алматы облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы. Осы мәселе бойынша қазір дау туындап отыр. Мында барлық жер учаскелерінің кадастарлық нөмірі көрсетілген. Енді келіп, жердің жеке меншік құқығын жоюды талап етіп отыр.

Екі мәселе бар. Біріншісі, 2018 жылдың 29 маусымында Боралдай кенті әкімінің орынбасары Абдуллаеваның шығарған шешімін заңсыз, үкімін дұрыс емес деп тану мақсатында сотқа беріп отыр. Екіншісі, бұл жерге Саин көшесінің созылуы мен БАКАД (Алматы үлкен айналма жолы-ред) түседі деген. Яғни, жерлер бір-біріне қабаттасқан дегенді негізге алған», - деді заңгер Нұрлан Байғазиев.

Ал қалаға тиіп тұрған жерге қызыққан тұрғындардың біразы несие рәсімдеген. Алды 5 жылға 6 миллион теңгеге дейін несие алып, баспана соғуға кіріскен. Инфрақұрылымнан жұрдай, шала-шарпы салынған үйлерде кейбір отбасылар тұрып та жатыр.

Тұрғындар мұнда 50-ден астам үй салынып, іргетасы құйылған баспана да аз емесін айтады. 15 гектар жер бір жыл ішінде үш қожайынның қарамағына өтіп, сатылымға түскен. Облыс әкімдігі аумақтың бас жоспарға енбегенін, жерді қолдану құжаты заңсыз өзгертілгенін алға тартады.

Олар аудандағылардың әрекетін дер кезінде білмей қалдық деп отыр. Тіпті, Боралдай кентінің әкімін, Сәулет және қала құрылыс бөлімін, Жер қатынастары бөлімін, Жер кадастрлық бөлімін сотқа берген. Алайда, кент әкімі тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

«Алдағы бірнеше айда Бас жоспар қайта өзгертіліп, халықтың үй салуына мүмкіндік беретін құжат жасалады. Негізі әу баста бас жоспарға енгізіліп барып, жұмыс жасалуы керек еді. Қазір бас жоспарды аудан әкімдігі қарастырып, жоба жасалып жатыр. Содан кейін маслихаттың шешімімен бекітіледі.

Әу баста көп қабатты үйлер салыну керек деп жоспарланған. Бірақ, халық жер үй салып жатқандықтан, көп қабатты үй болмайды. Сотқа түсірген талап-арызда көрсетілгендей, тұрғындар ғана емес, әкімдік те жауапкер.

Жер телімін шаруа қожалығынан заңсыз ауыстырды деп сотқа беріп отыр. Ол кезінде комиссияның шешімімен ауыстырылған. Біз оны теріс деп санамаймыз. Сондықтан сот кезінде біз тұрғындардың жағына шығамыз. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ», - деді Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Боралдайдың бас жоспары соңғы рет 2010 жылы бекітілген. Енді Алматы облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бұйрығына сәйкес, Боралдай және Коянқұс ауылдарының бас жоспары қайта жасалып, таласқа түскен жерді оған қосу қарастырылған. Бірақ, 15 гектар жердің бас жоспарға ену-енбеуін тек сот шешеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары