$ 449.58  486.94  4.86

«Халықтың мазасын қашырған»: елімізде қытай иероглифтері мен датчиктері бар көгершіндер көбейді

«Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық...».
фото: arnapress.kz
фото: arnapress.kz

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі Сәкен Ділдахмет facebook парақшасында Қазақстанда қытай иероглифтері мен датчиктері бар жұмбақ көгершіндердің пайда болуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазылған көк кептерлер кездескен. Бұл көгершіндерге қатысты түсініктеме беру үшін адамдар сондағы Ұлттық паркке жүгінген болатын.

«Өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында иероглиф жазылған көк кептерлер кездесіп, жергілікті халықтың мазасын қашырған еді. Ақсудан Өрелге дейін кездескен көгершіндерге кейбіреулері мән бермесе, кейбір адамдар сондағы Ұлттық паркке жүгінген болатын. Ғылыми қызметкерлер халықты тыныштандырып, жағдайды түсіндірмек болды. Себебі, біз үшін бұл алып бара жатқан жаңалық емес» деп жазды Сәкен Ділдахмет.

Еске сала кетсек, осыдан 4 жыл бұрын Бекалқа ауылының маңынан өлі кептер табылған. Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған. Оның да қанатына иероглифтер жазылған-ды. Сол жылы Аққайнар мен Жазабы ауылында да осындай көгершіндер кездесіпті.

«Бір қызығы, көгершіндер аулалардағы тауықтарға жем беретін орындарға үнемі ұшып келіп жүрген. Олар адамдардан мүлде қорықпайтын. Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық. Бірақ, олар құпия ақпарат емес, спорттық сипаттағы жазба. Кейін білгеніміздей, өткен ғасырдың 90-жылдары көгершін спорты мен көгершін тотализаторы бизнесі қатты дамып, бұл кәсіп айтарлықтай табыс көзіне айналған. Сондай бизнес дамыған елдің бірі – көршіміз Қытай. Ауқымы жағынан көгершін бизнесі ат жарыстарынан түсетін табыс пен ақшалай ұтыстардан да асып түскен», - дейді ол.

Көгершіндер жарысы оларды ұстауға және жарыстар өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісін ынталандырған. Артынша, көгершіндерді жеке таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер, электронды сканерленген сағаттар және құстардың нақты орналасқан жерін ғарыш арқылы анықтайтын, интернет арқылы тікелей таратуды жүзеге асыратын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары