$ 514.65  544.6  5.17

«Өгізге туған күн бұзауға да туады»: аяқ киімді таңбалау міндеттелуі мүмкін

Республикамыз жаңа жүйені өзін­де сынақтан өткізуді 2017 жы­лы «шубадан» бастады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы сауда орын­­­да­рында, тіпті базарда сең­сең тон, құндыз ішік, сусар бө­рiк сатып алған адамдар оның заттаңбасында RFID KZ және «Изделия из нат.меха» деген орысша жазуды аңғар­ған болар. Осы жазу тері-был­ғарыдан жасалған өнімдердің қымбаттауына соқтырды. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, сырт киімге келген сойқан енді аяқкиімнің төбесінен төніп тұр.

ЕАЭО аясында өнімдерді жап­пай таңбалау жобасы – шикі, рәсімдері жете ойластырылмаған, жүйесі түпкілікті пысықталмаған бизнес оған дайын емес. Міндетті «маркалауды» Мәскеу ұсынып отырған форматта енгізу одақтағы заңды бизнес үшін ауыр зардапқа соқтыруы мүмкін. Қысқасы, пай­дасынан зияны көп. 2019 жылы Еуразия экономикалық комис­сия­сында өткен осы тақырыптағы кеңесте барлық мүше елдер кәсіп­керлері тарапынан қатаң сын айтылған.

Тауарды таңбалау деген не? Осы­дан 4 жыл бұрын Ресей үкі­меті 2024 жылға дейін барлық өнім­дерді цифрлы таңбалаудың ұлт­тық жүйесін құру туралы шешім қабылдады. Яғни, тауарлар тегіс бірегей сәйкестендіру белгілеріне ие болады және ол белгі бірыңғай онлайн-жүйеде тіркеледі. Сатып алушылар смартфон арқылы таң­ба­ны сканерлеп, арнайы қосымшада тауардың заңды түрде өндірілгенін және зауыттың оның сапасына жауап беретінін біле алады.

Таңбалау отандық өндіру­ші­лерді де, шетелден импорттау­шы­ларды да қамтиды: олар на­­рыққа әкел­ген әр тауарына цифр­­лы код жапсыруға және оны жүйеде тір­кеуге міндетті. Таңбалау логис­ти­калық компаниялар мен кө­тер­ме саудагерлерге қатысты: олар тауар­дың сатып алған кезден дүкенге өткізілгенге дейінгі қозғалысын көр­сетуі шарт. Мысалы AliExpress-тен интернет арқылы Қытай затын сатып алған тұтынушылар пошта сайты арқылы ол дүниесінің қай қалаға жеткенін қадағалап отырады. Бұл жүйе соған ұқсас.

Ақыр соңында таңбалау бөлшек сауда орындарына, дүкен мен ба­зарға баса-көктеп кіреді: олар тауар­ды қабылдап алғанын және тұтынушыға сатқанда өнімнің нарықтан шығып қалғанын жүйеде тіркеуі тиіс.

Ресей шарасы – бізге тұсау ма?

Қош, бұл солтүстік көршінің «ұлт­тық жүйесі» екен, оның Қазақстанға керегі қанша? 147 мил­лион халқы бар Ресей – Еура­зиялық одақтағы ең алып нарық. Тіпті, ЕАЭО соған еркін қол жеткізу үшін құрылғаны мәлім. Осы басымдығын пайдалана бі­летін көрші электронды таңбасы жоқ тауарды өз нарығына жібер­мейтінін мәлім етті.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы­ның орынбасары Евгений Больгерт отандық бизнес бұл іске қарсы болғанымен, Қазақстан одан басын алып қаша алмайтынын айтады.

«Біз таңбалауды дәл қазір жап­пай ендіре алмаймыз, қа­жетті инфрақұрылым жетіс­пей­ді, шетелден әкелінеді. Кәсіп­кер­лермен осы мәселені талай тал­­қыға салдық және аталған үдеріс­ті елемеу орнына, оған дайын болға­ны­мыз жөн деген тоқтамға келдік. Мысалы, 2019 жылғы 1 шіл­де­ден бастап Ресей аяқкиімді міндет­ті маркалауға көшті. Қол­дағы деректер бойынша біздің өндіру­шілер Ресей нарығына жыл сайын 5,5 мил­лиондай жұп аяқкиім сатады. Ал көршінің біржақты түрде енгізген міндетті таңбалауы қа­зақстандық аяқкиімнің оның нарығына кіруіне кедергі болады», – деді ол.

Сондықтан Қазақстан бұл өз­геріс­тің жақсы жақтарына екпін түсіруге мәжбүр. Ұлттық палата «таңбалау адал бәсекелестікті да­мытудың пәрменді тетігіне ай­налуға тиіс» деген ұстанымда. Е.Больгерт осы жүйе бірден екі не­гізгі міндетті шешетініне сенімді: бірін­шіден, жасалып, конвейерден шық­қан мезеттен бастап, одақтағы қан­дай да бір елдің нарығына түсіп, тұтынушыға сатылғанға дейінгі тауар жолы нақты қадағаланады. Екіншіден, контрафактімен кү­реске үлес қосады.

Республикамыз жаңа жүйені өзін­де сынақтан өткізуді 2017 жы­лы «шубадан» бастады. Өйткені отан­дық былғары-тері өнімдерінің өн­дірісі жоқтың қасы. Демек, өндіру­шілерге түсер жүктеме де аз. Қаржы министрлігінің дерегінше, пилоттық жоба басталғалы декла­рация ресімдеп, тері бұйымдарын импорттайтындар саны 23%-ға, импорттан кедендік баж және са­лық­тар бойынша түсімдер 70%-ға (170 миллионнан 283 миллион теңгеге дейін), ішкі нарықта ішік-тон сатудан түсетін салық түсім­дері 182,9 миллион теңгеге дейін артқан.

Бұған қоса, таңбалау шарасы жеңілдікті салық салу игілігін пай­далану мақсатында табысын төмендете көрсетіп келген салық төлеушілерді де әшкереледі. Сөй­тіп, патентпен істейтін былғары өнімдерін сатушылар саны 6,2 есе – 243-тен 25-ке дейін азайды.

Бүгінде Қазақстан аяқкиім өнім­дерін, дәрі-дәрмекті, спиртті ішімдіктерін таңбалаудың пилот­тық жобасын іске қосу бағытында жұмыс жүргізуде.

Адал бизнес алаңдайды

Бір желіккен державаның тоқ­тауы қиын. Еуразия экономи­ка­лық комиссиясының қолдауын иеленген Мәскеу 2019 жылғы 1 жел­­тоқсанда парфюмерияны, ши­на мен дөңгелекқапты (покрыш­ка), фотоаппаратты, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп тауарларының бір­неше тобын міндетті цифрлы мар­­­кировкалауды енгізді. 2020 жыл­ғы 1 маусымда сүт өнімдерін электронды таңбалау іске қосы­лады. Ресейде таңбалаудың бірың­ғай операторы ретінде «ЦРПТ» ЖШҚ таңдалған.

Қазақстан нарығына да сүт және басқа өнімдерін өткізе­тін француздық Danone компа­ния­сының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Татьяна Ткаченко Ресейдегі пи­лоттық жоба аясында көңіл жа­быр­қатар қорытындыға келгенін айтады. Таңбалау өндірістік про­цеске, өнімнің өзіндік құнына және жеткізудің жолға қойылған схе­маларына теріс ықпал етуі мүм­кін. Сүт өнімдерін маркалау бас­талса, бір «Данон» АҚ-ның тек таңбалау кодының ақысын төлеу бойынша шығындары 25 миллиард рубльді құрамақ.

Оның үстіне көрші өзіне саты­латын сүт және сүт өнімдерінің «өріс­тен дастарқанға дейінгі» өн­дірісін қадағаламақ ниетте. Ен­деше, оған осы тауарды таситын отандық өндіріс ресейлік ЦРПТ сыртында, «Меркурий» жүйесіне де тәуелді болады. Ал өндірушілер бір тауардың қосарлама бақылауға ілігетініне қамығады және қарсы үн қатуда.

«Қазақстанның ФармМед­Индустриясы» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов отан­дық фармацевтика кәсіпорындары мемлекеттің қаржылық қолдауына зәру дейді: «Себебі таңбалауды ен­гізудің ең төменгі құны дәрі-дәр­мек өндірудің 3 желісі ғана бар ша­ғын кәсіпорын үшін 500 мың евро және одан қымбатқа түспек», – дейді ол.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігі 2019 жылғы 30 желтоқ­санда өткізген тендер қорытын­дысында «Қазақтелеком» АҚ-ы Қазақстанның «Тауарларды таңбалау мен олардың қада­ға­лануының бірыңғай операторы» болып танылды. Яғни, ұлттық телекоммуникациялық алпауыт тағы бір «майшелпек» салада монополиске айналады.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев таңбалауға қажетті бақылау-сәйкестендіру белгілерін де осы бірыңғай оператор шығарып, бизнеске тарататынын жеткізді. Бірақ БСБ бағасы әзірге анық­талмаған. Оны арнайы комиссия белгілейді. Ресейде, мысалы, әр аяқкиім жұбын таңбалау 50 тиын, автокөлік шинасына RFID жап­сыру 120 рубль тұрады. Бизнес таңбалауға кететін бар шығынын тауар құнына қосып, баға көтеруге тура келетінін айтып отыр.

«Дамыған елдер түгіл, әлемнің басқа бір­де-бір елінде таңбалау жүйесі кон­трабандамен күрес құралы ретінде қолданылмайды» - дейді Nike компаниясының өкілі Дмитрий Вишняков.

Бұл жүйе тек заңды кәсіпорын шығаратын тауар жолын қадағалайды. Ал жасырын цехта жасалған, тиісінше цифрлы белгісі жоқ тауарлар тек рейд кезінде анықталады. Қылмыс әлемін қоя салып, кілең базар мен дүкен аралап жүруге тәртіп сақшыларының мүмкіндігі бола берер ме екен?!

Дереккөз: "Айқын" газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары