$ 494.87  520.65  4.91

«Көгілдір отынға әлі зармыз»: 493 миллион теңгеге тартылған газ құбыры тұрғындарға жетпей, тозып кеткен (ФОТО)

«ХХI ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бірақ әлі күнге үйімізде ауыз су жоқ. Амал қанша, көрші ауылдардан тасып, не дүкеннен сатып алып ішеміз. Күніне екі-ақ сағат су береді. Ал, газ атымен жоқ. Уәде беріп келе жатқандарына бірнеше жыл болды», – дейді наразы тұрғындар.

Ұзындығы 45 шақырымнан асатын газ құбыры бюджеттің 493 миллион теңгесіне тартылған. Қараусыз қалған желіге көгілдір отын жіберілмегендіктен, диаметрі 150 мм құбыр тозып, құлай бастаған.

Жол бойын қуалай жүргізілген газ желісі арқылы 2014 жылы 3 ауылдық округтің жұрты табиғи газбен қамтамасыз етілуі керек болған. 15 мыңнан астам тұрғынмен бірге ауылдық округтің әкімдері де 6 жыл бұрын тартылған құбырдан әлі күнге көгілдір отынның келмегеніне наразы. Халық қазынасынан бөлінген жарты миллиард теңгеге «Алматы газ монтаж» АҚ мердігер ретінде 44 мың 400 метр құбыр тартқан. Алайда, көгілдір отын ауылға сол қалпы жетпей отыр. Ал, Ақсеңгір ауылының тұрғындары ауыз су мәселесін шеше алмай отырған әкімдердің «газ әкелеміз» деген сөзіне сенуден қалған.

«ХХI ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бірақ әлі күнге үйімізде ауыз су жоқ. Амал қанша, көрші ауылдардан тасып, не дүкеннен сатып алып ішеміз. Күніне екі-ақ сағат су береді. Ал, газ атымен жоқ. Уәде беріп келе жатқандарына бірнеше жыл болды», – дейді наразы тұрғындар.

«Қызылсоқ-Қазыбек» магистральді газ құбырының бойында 15 мыңнан астам халық тұратын Ақсеңгір, Таран, Көкдала, Жайсан сынды барлығы 5 ауыл бар. Халық былай тұрсын, ауылдық округ әкімдерінің өзі де жоғарыдағылардың әрекетін түсіне алар емес. Қожайынсыз қалған құбыр құлап, халық күдерін үзген. Әкімдер онсыз да шалғайда жатқан ауылды жандандыруға осы бір келеңсіздік кедергі келтіріп тұр дейді.

«Ауылымызда жалғыз мектеп пен үлкен бір аурухана бар. Мұндағы зауыттың жұмысын жандандыруға да газ керек. Қысқасы, бәріміз сол газды сарғая күтіп отырмыз. Жанымыздан өтіп жатқан газ Талдықорғанға жетті, ал біз түбінде отырсақ та, көгілдір отынға әлі зармыз. Әрине, халықтың реніші орынды», – деді Алматы облысы Жамбыл ауданы Теміржол ауылдық округінің әкімі Қайратхан Баймолдаев.

Ауыл халқынан бөлек аурухана, мектеп, балабақша сынды барлығы 18 әлеуметтік-бюджеттік мекеме де газбен жылынуы керек болған. Жұмыс соңына дейін аяқталмай қалғандықтан, мемлекеттік мекемелер көмірге әлі «көміліп» отыр. 

«Мен басқаратын ауылдарда 800-ден астам үй бар, бірақ әлі күнге газ жоқ. Халыққа обал. Қараусыз қалған соң құбырлардың кейбір жері сынып, құлап та жатыр. Құлаған жерлерін қалпына келтірген боламыз. Алайда, қараусыз дүниенің аты қараусыз. Тиісті мекемелердің бәріне арыз да, хат та жаздық, ешқандай нәтиже жоқ», – деді Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов.

Газ құбырын тартуға тапсырыс беріп, қаржы бөлген Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Олар газ желісін қабылдап алғанымен, сұйық отынды беретін мекеменің қарамағына беруге асығар емес. Жамбыл аудандық әкімдігінің хабарлауынша, қараусыз қалған құбыр желісін жөндеп, ауыл тұрғындарын газбен (өз қаражатымен) қамтуға «Тәуекел газ құбыры» ЖШС дайын. Бірақ Жамбыл ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған жалғыз монополист компанияның балансына беруге облыс асықпай отырған көрінеді.  

«Бітпей қалған іс бойынша прокуратурадан бастап барлық органдар тексеріс жүргізген. Қанша жыл болды, қаңырап тұр. Аудан басшылары облысы әкімі Амандық Баталовтың атына бірнеш рет хат жазған. Бірақ, іс бәрібір оң шешімін таппады. Тартылған газ құбыры тозып, тіреулері құлап, жарамсыз болып жатыр», – деді Алматы облысы Жамбыл ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Қайсар Әбсейітов.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа өңірді газбен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуді тапсырған еді. Өңірге арнайы іс-сапармен келетінін айтқан Президентке облыс әкімі биыл газдандыруды 56% жеткізуге уәде берген. Алматы облысын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге құлшына кірісем деген әкімнің не себепті дайын құбырды қараусыз қалдырғаны бізге белгісіз.

Ал, 6 жылдан бері облысқа қайта-қайта хат жазумен ғана шектелген Жамбыл ауданының әкімдігі өңірге қарасты 31 мың 575 жеке үйдің тек 17 мың 966-ын, 183 бюджеттік мекеменің тек 89-ын ғана газбен қамтамасыз еткен.

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары