Әлеумет 14.02.2020 сағат 02:40

Жыл соңына дейін ауылдардың 93%-і кең жолақты интернетпен қамтылады

Жұмыс жоспары әкімдіктермен пысықталып, бекітілді. Оған тұрғын саны 250 және одан көп 1000-нан астам ауыл еніп отыр.
Жыл соңына дейін ауылдардың 93%-і кең жолақты интернетпен қамтылады
фото: informburo.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін «Кселл» АҚ пен «Мобайл телеком-сервис» ЖШС және «Кар-Тел» ЖШС ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін тұрғын саны 250 адамнан асатын ауылдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану туралы уағдаласты, деп хабарлайды Today.kz.

Жоба елбасының тапсырмасын іске асыру және Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етіледі.

«Біздің кездесулеріміз бен жүргізген талқылауларымыздың нәтижесінде осындай келісімге келгенімізге қуаныштымын. Жұмыс жоспары әкімдіктермен пысықталып, бекітілді. Оған тұрғын саны 250 және одан көп 1000-нан астам ауыл еніп отыр. Еліміз үшін жобаның маңыздылығы зор.

Бұл ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қатар, электрондық қызметтерді, қашықтан оқыту және т.б. пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Байланыс операторларының күш біріктіре отырып, жобаны жүзеге асыруға шешім қабылдағаны қуантады», - деді Асқар Жұмағалиев.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бұл жобаны ұялы байланыс операторлары өз қаражаты есебінен іске асыратынын айтты.

«Бұл, шын мәнінде, ұялы операторлардың есебінен жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық жоба. Мобильді желілер құрылысына жұмсалатын барлық шығындардың 65%-ін «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы көтереді», - деді Қуанышбек Есекеев

«Кселл» АҚ басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Каспарс Кукелис жобаның әлеуметтік маңыздылығына назар аударды.

«Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту жобасы қомақты инвестицияны қажет ететіндігіне қарамастан, бұл – ауқымды әлеуметтік жоба. Желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану операторларға шығындарды азайтумен қатар, ең бастысы, ауылды қысқа мерзімде интернетпен қамтамасыз етуге қажет синергияны құрайды», - деді Каспарс Кукелис.

«Altel елдегі алғашқы ұялы байланыс операторы және әрдайым мобильді интернетпен қамту және дамыту авангардында болды. Бұл жобаны нарықтағы әріптестермен бірлесіп іске асыру қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді және жалпы біздің елімізде экономиканың даму драйвері болады», - деп атап өтті «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Бас директоры Роман Володин.

Ал «Beeline Қазақстан» Бас атқарушы директоры Евгений Настрадиннің айтуынша, ауылдарға сапалы интернетті ұсыну жөніндегі жоба компанияның жоспарымен 100% сәйкес келеді және елді цифрландыруға қосқан үлесі болады.

«Beeline – абоненттер саны бойынша нарық көшбасшысы. Сондай-ақ, біз ең алдымен, клиенттеріміздің жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануын қалаймыз. Меморандум бұл міндетті қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Евгений Настрадин.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында 40 мың теңгеден де аз жалақы алатын адамдар көп

Айта кетейік, жоба телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 2020 жылдың соңына дейін ауылдардың 93%-і кең жолақты интернетпен қамтылады.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар