$ 514.65  544.6  5.17

«Өй, қазақсыңдар ма өзі?»: мектеп оқушылары Ата Заңымыздың қашан қабылданғанын білмей ұялып қалды (ВИДЕО)

Актердың ойынша, қазіргі заманда "Білімді адамды табу - инемен құдық қазғандай" екен.

"Адамдардың бәрі ұялшақ, жасық. Сұрақ қойсаң қашады, ұялады". Бұл қазақы қалжыңымен кино мен ойын-сауықтық бағдарламалар арқылы жұлдызы жанып жүрген актер Қуандық Шәкіржановтың көшеде кез келген адамға сұрақ қойып, олардың сұрақтан жалтарып, ат-тонын ала қашқанын өз көзімен көргеннен кейін түйген ойы. Актердың пайымдауынша, қазіргі заманда "Білімді адамды табу - инемен құдық қазғандай" екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қағытпа қалжың мен астарлы әзіл айтумен ел арасына танылған актер Youtube каналына кішігірім "Қуандық ақша" деген айдармен интеллектуалдық ойынының видеосын жүктеп жүр. Ойынның шарты - жүргізушінің қойған үш сұрағына дұрыс жауап беру ғана. Егер оның сұрағына нақты жауап берсеңіз, 20 мың теңге қалтамда деп есептей берсеңіз болады.

 Актердің бұл істі қолға алуында да бір мән жатыр. Ол көшеде ұшырасып қалған кез келген адамды сөзге тартып, аяқастынан түрлі салалар бойынша сұрақ қояды. 

Мәселен ол, көшеде бір топ оқушыларды "тұра тұрыңдар" деп тоқтатып қойып: "Өй, қазақсыңдар ма өзі? Неге қазақша сөйлемейсіңдер?" деп орысша шүлдірлеген жасөспірімдерге сұрақты төтесінен қойып қалды. Олар болса, "иә, қазақпыз, орыс школда оқимыз" деді. Олардың жауабын естіген актер да қалыспай: "Орыс школда оқығандар қазақша нашар сөйлеу керек пе сонда!? Біз орысша білмей-ақ мектеп бітіргенбіз" деп оларға үш сұрақ қоятынын, егер дұрыс жауабын айтса, ақша беретінін жеткізді.

Сонымен, "Қазақстанда қанша теңіз бар? Ыбырай Алтынсарин қанша жас өмір сүрді? Біздің Ата Заңымыз қай жылы, қай күні қабылданды? Мұстафа Шоқай қай жылы дүниеге келді?" деген сұрақтарды бірінен соң бірін жаудырды. Ал оқушылар сәл кідіріп, біріне шала-шарпы жауап берсе, біріне дұрыс жауап тапты. Өкінішке орай, Ата Заңымыздың қашан қабылданғанын білмей, ұятқа қалды.

Айтпақшы, видеодан байқасаңыздар, сұрақтарға жауап берген №111 гимназияның 11 сынып оқушылары.

Мұнан кейін оқушыларды жөніне қоя берген актер базар аралап, сұрағына жауап беретін адам таппай, біраз әуреленді. Көше, базар маңы толған халық болса да, оның сұрағына ешкімнің жауап беруге құлқы болмады. 

Күйініп кеткен актер: "Адамдардың бәрі ұялшақ, жасық. Сұрақ қойсаң қашады, ұялады. Онда тұрған не бар? Үш сұраққа жауап бер де, 20 мың теңге ұтып ал!", - деп қынжылды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары