Жақында ғана қаржы пирамидасына ақша құйып, артынша сан соғып қалғандардың жыры әлі бітер емес. Осы мәселе тұрғысында әлеуметтік желі қолданушылары белгілі спортшы Қуат "Найман" Хамитовтан "Гарант 24" ломбардын жарнамалағаны үшін түсініктеме беруді талап етті. Олар Instagram әлеуметтік желісінде қазақстандық файтердің жүктеген суретінің астына түрлі жағымсыз пікірлерін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Қайда біздің ақша? "Ломбард 24-ке" сен шақырған соң барып салдық машинамызды?", "Мұның басы ауырмайды, қара басын ойлайтын адам ғой", "Әркім өз ісіне әрдайым өзі жауапты. Баста ми болса, олай болмас еді","Халықты қораға кіргізіп жібердің ғой", "Ақша берсе порноға да түсесің бе? Жауап жазсай! Әлде ар-намыс жоқ па!?", "Туалетке түс десе, түсесіңдер ме!? Кінә өздеріңде, оңай тапқыларың келіп, қыртпаңдар беталды", "Бір мақтаншақ бәле екенсіз, бірауыз сөз айтпадыңыз ба, ломбард жөнінде", "Жауапқа тарту керек сендерді де", "Болмайтын тиынға бола абыройыңды түсірдің!", - деп ашынған халық ел алдында жүрген Қуат Хамитовты жерден алып, жерге салды.
Айтпақшы, "@e.k.b1111" деген аккаунтпен тіркелген желі қолданушысы ерекше әрі ұзақ пікір қалдырыпты.
"Қуат, "қазаққа кім тиіссе, менің дұшпаным сол" деп айтып едіңіз! Сіз реклама жасаған "Гаранд24" ломбард Қазақстанның 14 облысынан өз филиалдарын ашып жұмыс жасады. Қазақтың бетке ұстар азаматтары мен азаматшалары шынайы компания, ақшаларыңызды осы ломбард депозитке салыңыздар деп жарнама жасадыңыздар! Сіздердің сол "Гаранд24" ломбардқа машина, ақшаларыңызды салғаныңызды көрген халық та өз ақшаларын, көліктерін, пəтерлерін салды. "Гаранд24" ломбард халықтың ақшасын жинап алды да, өздері қашып кетті. Алданып, зар жылап халық қалды. Енді, Қазақстанның алданған мыңдаған халқының ақшасын кім қайтарады? Қазақты алдаған осы компанияның басшыларын тауып, ақшасын қайтаруына, жарнама жасаған блогерлер, əншілер, спортшылар көмектесіңіздер!
Сіздердің жарнамаларыңызға халық сенді. Ақшаларын депозитке салды. Барынан айрылған қарапайым халыққа ел болып, үкімет болып көмектесіңіздер!", - деп спортшыға желі арқылы үндеу жолдады.