«Бизнес бастау» жобасы аясында оқыған Гүлфайруз Рахметова жемістен жасалатын чипсілер өндірісін қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байзақ ауданының Құмжота ауылында тұратын жас кәсіпкер 29 жасқа дейінгі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, мемлекет тарапынан берілген 1,5 миллион теңгеге ие болған. Ол қаржыға көкөністерді кептіретін аппарат сатып алып, қазір үйінен түрлі жемістерді кептіріп, чипсілер шығаруда.
Жас кәсіпкер чипсілерді алма, апельсин, киви, ананас секілді жемістерден жасайды. Еш қоспасыз, табиғи өнімдерді өндірудегі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы отандық кәсіпкерлікті дамыту.
Гүлфайруз алма және апельсин секілді жемістерді Байзақ ауданынан алып отырғанын айтады. Бүгінде тұтынушылар тарапынан түсіп жатқан тапсырыстар саны да күн санап артуда екен.
«Егер отандық өнімге деген сұраныс жақсы болса, бір күнде 200 қорапқа дейін чипсі шығарып беруге дайынмын. Бұл өнім, әсіресе, диета ұстайтын азаматтар мен балаларға өте пайдалы. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ, таза өнім», - дейді жас кәсіпкер.
Ол шығарған өнімдерін әзірге Instagram әлеуметтік желісі арқылы жарнамалап сатуда. Алдағы уақытта аудан, облыс орталығындағы сауда орындарымен келісіп, өнімін кеңінен таратуға ниетті.
Мемлекеттің қолдауын көріп отырған Гүлфайруз Рахметова енді өңірде отандық өнімдер топтастырылған дүкендер желісі құрылса екен деп тілейді. Сол арқылы өзімізден шығатын өнімдер бір жерде сатылып, халықтың да сұранысына ие болар еді деген ойда.
«Чипсілер 35-50 грамдық қалташаға салынған, бағасы да қолжетімді. Бір қалташаға жұқалап тілінген 3-4 жеміс сыйып кетеді. Бұл дегеніңіз, бір бала мультфильм көріп отырып-ақ сол мөлшердегі витаминдерді бойына сіңіре алады деген сөз. Ал 3-4 алманы оларға бір күнде жегізе алуымыз екіталай», - дейді Г. Рахметова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы алтыншы сынып оқушылары Аңсар Құрманалиев пен Елнар Сәлпековтің жемістен чипсі істеуді осыдан бір жарым жыл бұрын қолға алғанын жазған едік:
Алматыда 6 сынып оқушылары жаңа өнім ойлап тауып, жеке кәсіп ашып отыр
Сонда тек Қазақстанда жүзеге аса бастаған бұл идея қай қазаққа тиесілі? Авторлық құқығы екі балаға беріле ме, әлде, Гүлфайруз Рахметоваға ма?