«Гарант 24 ломбардқа» алданғандар «алаяқтыққа шенеуніктердің қатысы бар болуы мүмкін» дейді. Өйткені басшысы деген жас жігіттің жалғыз өзі осылай көпшілікті тақырға отырғызғанына сенбейді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап, Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қаржы пирамидасынан жапа шеккен тұрғындар Алматыдағы Бостандық аудандық әкімдігінің алдына жиналды. Олар ақшасын жоғалтса да, оны қайтарудан үмітін үзбеген. Мұңдастар, телефондағы чаттастар өздерін шатастырғандардың артында «үлкен тіреуі бар» деп топшылайды.
"Осыны ұйымдастырған – жоғарыда отырған лауазымды адамдар. Өйткені жасөспірім балалар мұндайға өздерінің күшімен, өз ақшасымен шыға алмайды", – дейді Алматы қаласының тұрғыны Жанна Тынықбаева.
Ал тағы бір тұрғын Бауыржан Заман болса, "Бізге қайтаратын ақшаны қайтарып берсін. Біз артық ақша сұрап жатқан жоқпыз, тек өзіміздікін сұрап отырмыз", – деп базынасын айтты.
Осындай өліара сәтте қайдан сүйеу табарын білмей сандалғандар «аудан әкімімен кездесеміз» деп ішке ентеледі. Жарты сағат дегенде әзер бой көрсеткен атқамінер жұрттың телефон нөмірлерін ғана жазып, жылы сөзбен кері шығарып салды.
Тағы оқи отырыңыз: «Мені кепілге ұстап отырған жоқ»: Атыраудағы ломбард директоры өзін «ұрлап кетті» дегендерге жауап берді (ВИДЕО)
«Гарант 24 ломбардты» жарнамалаған жұлдыздар да жазаға тартылуы тиіс» - журналист
ІІМ даулы ломбардты жарнамалаған жұлдыздардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді
«Қамап тастаса, ақшаны қайтара алмаймын»: «Гарант 24 Ломбард»-тың иесі шетелден ВИДЕОүндеу жолдады
Көп асаймын деп тақырға отырғандар ең болмаса құйған қаржысын қайтарсақ деп үміттенеді. Енді олар, Ұлттық банктің алдына бармақ. Мұндай күйге түсуі – олардың ойынша өздерінен емес, осындай ұйымдардың жұмысын дер кезінде қадағаламаған өзгелерден екен.