$ 494.87  520.65  4.91

110-шы көктем: Жамбыл облысында аштық, соғыс нәубетін көрген кейуана тұрады

Содан, ол 11 баланы дүниеге әкелген екен. Бүгінде көрер жарығы бар 4 ұл, бір қыздан 40-қа жуық немере-шөбере сүйіп отыр.

Аманбала Аманжолова 1910 жылдың қаңтар айында Сарыарқа топырағында туған екен. 1926 жылы Балтабай Аманжолов екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Отау құрған жас жұбайлар сол тұстағы халық басына түскен нәубетті күндерді қатар өткеріп, бірге көтеріп, қиындықтарды бастан кешіреді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, БАҚ ақпараттарын негізге ала отырып.

«Қазір өткен ғасырдың басындағы тарихқа айналған сол шақтарды дұшпаныма да тілемеймін. Аштықтан бұратылған сол кездегі жұрт не көрмеді десейші. «Көппен көрген ұлы той» деп, Арқадан Әулиеата топырағына босқан көпшілікпен бірге біз де шұбадық қой. Жол бойы нешеме адам көз жұмды, нешеме жан ажал құшты. 1928 жылы іргесін қалаған Сарысу ауданының құрылуына біз де білегіміздің күшін салдық», - дейді 110 жастағы қос ғасыр куәгері.

Жамбыл өңіріндегі бұл ауданда 39 кеңшар болған шағында Балтабайдың отбасы Ілгерібасқа қоныс тебеді. Аманбала апа сонда колхозшы болып еңбек еткен екен.

«Соқа айдадым, бидай ордым, шөп шаптым... әйтеуір, маңдай терімді сарп етуден жалыққан жоқ едім. Ол кездің адамдары да еңбекқор еді ғой. Аяғымыздан тұру, ұрпағымызды жетілдіру үшін жанымызды аяған жоқпыз. Енді міне, соның рахатын көріп отырған жайымыз бар», - деп еске алды сол жылдарды әжей.

Аманбала Аманжолова кеңшарда сақпаншы, қой қырқу жұмыстарымен айналыса жүріп, зейнетке шыққан.

«Шырағым, біз не көрмедік?.. Ақ пен қызылдың соғысы, ел ішін жайлаған ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы ауылдағы күйзеліс, одан кейінгі ауыр жылдар, бәрі-бәрі мына шақшадай бастан өтті. Екі қайнағам мен шалымнан «қарақағаз» келген күндері де жылап-сықтап, жұмысқа шығып кететінмін.

Қайғы мен қасірет менің ғана басымда емес, халыққа келген нәубет қой деп, енді қайным Балтабайдың аман оралуын тіледім. Зарыға күткенмен, ол 1947 жылы бір-ақ оралды. Соғыс уақытында елдің ынтымағы мен бірлігі қандай еді, шіркін! Үлкендер мені ортаға алып, «күйеуіңнің ошағын өшірме, қайныңа тұрмысқа шық» деді.

«Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елден асып қайда барасың, жаралы жауынгердің жанына жалау болайын деп, қайным Балтабайдың етегінен ұстадым», – деп еске алады өткен күнді кейуана.

Содан, ол 11 баланы дүниеге әкелген екен. Бүгінде көрер жарығы бар 4 ұл, бір қыздан 40-қа жуық немере-шөбере сүйіп отыр.

«Енді менде қайбір арман қалды дейсің. Бүгінгі балалар қиындық көрмесін, соғысты көрмесін, аштықты көрмесін. Ұзақ жасап, еліміздің еңсе тіктеуіне күш салсын. Осы бақытты күніміздің баянын берсін, Жаппар Ием!» - дейді кейуана ағынан жарылып.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары