$ 514.65  544.6  5.17

«Әкімдікпен келісім-шартқа отырып та үлгермеген» - қос мегаполистегі карантинге дейінгі жағдай

Шыбын жанын шүберекке түйгендер автобустар 15 мың деп айтса да ақшасын аямай, артылып жатыр. Жүргізушілер «Алматыға әзір келе алмайтын болған соң, бағаны көтеруге мәжбүр болдық» деп ақталады.

Алматыда өзге жақтан келген тұрғындар басқа қалаларға қайта алмай, әуре-сарсаңға түсті. Себеп: автобустарда орын жоқ. Такси құнын 3-4 есеге қымбаттатқан. Жанталасқан жұрт оған да көнуге мәжбүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жөңкілген көліктер, абыр-сабыр адамдар – Алматының шыға беріс қақпасындағы таңнан бергі жағдайы. Жұрт Қызылорда, Шымкент, Тараз бағытына қайта алмай әлек болды. Тоқтап жатқан такси, ал автобуста орын жоқ. Болған күннің өзінде, құны күрт қымбаттаған.

«Осындай жағдай болғанда, халықты да сәл ойлау керек. Бәрі қымбаттатып алған. 10 мыңнан дейді. Үлкен машиналар 7 мың деп тұр», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрлыбай Ермаханов.

Ал шыбын жанын шүберекке түйгендер автобустар 15 мың деп айтса да ақшасын аямай, артылып жатыр. Жүргізушілер «Алматыға әзір келе алмайтын болған соң, бағаны көтеруге мәжбүр болдық» деп ақталады.

Елордадағы жағдай мен карантин кезіндегі қозғалыс ережелеріне келсек, түс ауа қала шетіндегі жолдарға алдымен төтенше жағдайлар қызметі жылыту үйшігін жеткізді. Енді әскерилер мен басқа да күштік құрылым өкілдері бір ай бойы бас қаланың карантин жағдайын күзетеді.

«Бұл бекеттер елорданың маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарының маңында орналасқан. Департаментте жедел штаб құрылды. Онда азаматтардан туындаған мәселелер қаралып, шұғыл түрде шаралар қабылданады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД бастығы Ержан Сәденов.

Ал қала ішінде коронавирустың таралмауы үшін 231 қонақүй түгел дезинфекцияланып жатыр. Оның 11-і өз еркімен күндіз уақытша жабылған. Одан бөлек, қаладағы 1010 қоғамдық көлік аялдамасын үш компания күнделікті арнайы химикаттармен тазалауға көшкен. Уақыт тым тапшы болғандықтан, әкімдікпен келісім-шартқа отырып та үлгермеген.

«Қазір біз көмектесіп жатырмыз. Келісім-шарт деп жүретін уақыт болған жоқ. Барлығын өз қаражатымызға істеп жатырмыз. Тез арада үш компания бас қостық та жұмыс жоспарын жасадық», - деді тазалық компаниясының директоры Шамиль Гадижаев.

Ал жұмысы Нұр-Сұлтан мен Алматыда, өзі облыс аумағында тұратындар карантин жағдайында «күніміз қалай болады?» деп уайымдай бастаған.

Тағы оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды (ВИДЕО)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов оның жайын: «Егер де жұмыс берушінің тарапынан жоғарыда мен айтқан бүкіл шараларды, қысқартылған жұмыс күні немесе ақылы демалысты беру, қашықтан жұмыс істеу қарастырылмаса, ол азаматтар өзінің жұмыс орнына, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына келетін мүмкіндігі болады. Қарастырылып жатыр. Арнайы жұмыс берушінің тапсырысы бойынша әкімшілік тиісті рұқсатнама беретін болады», - деп түсіндірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары