$ 448.89  477.93  4.76

«Бұл не деген бейқамдық?!»: елордада қайтыс болған әйел дертті Алматыдағы құдалықтан жұқтырып келген

Тап қазір, осы кезде үйленбесе қатынсыз қалам деді ме екен баласы?
фото: weekend.bugin.kz
фото: weekend.bugin.kz

Астанада коронавирустан көз жұмған апамыз наурыз мерекелерінде Алматыға құдалыққа барып, вирусты сол жерден жұқтырып келген екен. Бұл не деген бейқамдық десеңші! Құдай ау, құдалығы несі?

Елдегі жағдайды көріп отыр, біліп отыр, ақпарат құралдарының бәрі күндіз-түні зарлап, сақтану шараларын түсіндіріп жатыр. Сөйте тұра, адамдар айтқан сөзді, ескерткен нәрсені құлақтарына ілер емес. Тағы да қанша адам өлімі болуы керек, мына жұрт төнген қауіпті түйсігімен түсіну үшін?

Әлі күнге дейін қала ішінде дала кезіп жүргендердің тең жартысы маскасыз жүр. Таксисттер сақтанбайды, су тасушылар қорғанбайды, дүкендегі сатушылар маска тақпайды. Бұл неткен бассыздық?! Надандықты жүрекжұтқандықпен шатастырып жүр ме әлде?

Білмеймін, бұл не аңқаулық, не барып тұрған ақымақтық. Бәрін Құдайға тапсырдық дейді солардың көбісі. Құдай сақтансаң сақтайды. Сақтанбасаң, атаңның басын сақтай ма?! Бір сәт болса да, ойланайық та ағайындар-ау!

Құдалық дейді. Тап қазір, осы кезде үйленбесе қатынсыз қалам деді ме екен баласы? Вирус енді тарай бастағанда әлеуметтік желіде біразы осы карантинді пайдаланып үйленіп қалыңдар, рахат, той жасап шығынданбайсың деп әзілдеп еді. Сөйтсе, әзілді шын көретіндер бар екен ғой.

Осыған қатысты тағы бір мәселе. Вирустан қаза тапқан апамызға алғашында тест жасағанда коронавирус жоқ деген диагноз қойыпты. Дегенмен, дәрігерлер ол кісіге карантинге жатуды ұсынған көрінеді. Апамыз одан бас тартып, үйіне қайтып кеткен. Қалайша дәрігерлер вирусы бар болуы мүмкін адамды үйіне жібере салды? Мұндай жағдайда науқас көнбесе, күшпен ұстап қалу керек емес пе? Оның үстіне, екінші қайтара жасалған тест вирус бар екенін көрсетті. Ал не болды енді?

Адам өлді, бұл – бір. Үйдегілерге де жұқтырған болуы мүмкін, бұл – екі. Үшіншіден, ұлының айтуынша, қайтыс болғанның мәйітін үйге әкелгенде бірталай адам көңіл білдірем деп келіп-кеткен көрінеді. Егерде вирус үй ішіндегілерге жұққан болса, онда ол келімді-кетімді адамдарға да тараған шығар. Енді олардың бәріне іздеу салу керек. Тауып, карантинге жапқанша, ол адамдар тағы қанша адаммен араласып үлгереді? Бұл да болса, дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына қойылатын үлкен сұрақ.

Мұхтар ТҮМЕНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары