Белгілі журналист Арман Сқабылұлы «Шынымен «Айдың нұры ма, әлде, ел тонаған ұры ма?» деген тақырыпта әлеуметтік желіде жазба жариялап, "интернет әулиелердің" ісіне сын садағын қадады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Instagram әлеуметтік желісінде Айнұр Тұрсынбаева секілді интернет-жұлдыздардың жарнамаларын көріп, жағасын ұстаған журналистің пайымдауынша, бүкіл ел болып, індетпен "арпалысып" жатқан шақта, ақылын пұлдап, ақша жинау - "ашкөздік" деп бағаланады-мыс.
Мәселен, ол "интернет әулиелерді" халқын тонап жатқан сұмырайға теңеді.
"Инстаграмды кезіп жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның індетпен күресіп жатқан халықты алдап, ақша жинауын өз басым соғыс кезіндегі "мародерлікпен" салыстырар едім. Ал ол кезде алаяқ пен ұрыға аяушылық болмаған. Жалғыз Тұрсынбаева емес, Құралай ханым (Ошақбаева), Сара Тоқтамысова, Кәмшат Бекжігітова деген "интернет әулиелердің" осындай жарнамаларынан сөз сүрінеді. Мұндай қиын-қыстау сәтте елдің "ыбырайы" барын халқына беріп жатса, біздің "ыбырай" сұмырай болып халқын тонауда. Өртеніп жатқан үйдің отына шылымдарын тұтатып әлек. Ашкөздіктің арты жаман болатынын ұмытпасаңдаршы, "әулиелер"!, - деген Арман Сқабылұлы әлгі танымал кісілердің әрекетін мақтамен бауыздағандей етіп, сөзбен бір сыбап алды.