Елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты, қазір карантинде жұмыссыз жатқан жұрттың дені мемлекет беруі тиіс болған әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселені алға тартқан қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан атқарушы органдардың президент тапсырмасына атүсті қарап жатқанын меңзеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Президент Тоқаев көмек барлығына беріледі деп айтқан. Енді тиісті министр бұйрығын басқаша шығарып жатыр. Ол дұрыс емес, билік айтқаннан кейін өз уәдесін орындау керек деп санаймын.
Банктерге көмек жыл сайын беріп отсыңдар, автокөліктерді «өндіретін» заводтарға, «фермерлерге», тағы басқа «бизнесмендерге» салық жеңілдіктерін, субсидияларын аянбай бересіздер, ал қарапайым халыққа келгенде ақшаларыңды қимайсыңдар...
Айтылды ма, халыққа көмек жаппай көрсетілу керек. Жігіттің екі сөйлегені – өлгені!» деп жазды ол facebook парақшасына. Сол-ақ екен, осы 42500 теңге туралы әртүрлі уәделерден құлақтары «жауыр болған» жұрт та өз реніштерін білдірді.
Уайс Ерсайынұлы деген азамат: «Басында I, II, III топ мүгедектеріне 42500 теңге автоматты түрде тиесілі деп еді. Енді бұл топтағылар алмайды деп шығарып жатыр. Сонда кім өтірікші болғаны?!» - деді. Ал Ақмарал Бейсебаева: «Президентті әбден ұятқа қалдырды бұлар», - деп налыса, Нұрлан Көпбосынов есімді желі қолданушы: «Мұқа, дұрыс айтасың. Кейбір адамдар 2 мың теңгесін аударып, енді 42 500 теңге де жоқ, қалтасындағы 2 мың теңгесі де жоқ, ұят болды. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылып қалыптының» кері келді», - деп күрсінді.
Тіпті, өзінің үнемі құлағы түрік жүретінін аңғартқан Ақмарал Лесова атты кісі: «Жаңалықта күнде құбылтып айтып жүрді. Үш рет тыңдадым, көмекке байланысты үш түрлендіріліп айтылды. Қолымды бір-ақ сілтедім. Енді жаңалықтар көрмеймін. Алаламай берілсе, ештеңелері кете қоймас еді-ау», - деп түңіліп отыр.