$ 494.87  520.65  4.91

«Қарындас қандай мемлекеттік құпияны ашып қойды?»: саясаттанушы ұстаздың «абыройын айрандай төккісі» келгендерге наразы

Неге жергілікті әкімшілік ауылда "вайфай неге жоқ?" деп дабыл қақпайды? Неге "күнделік" мәселесімен айналыспайды? Өйткені бұл жүйелі проблема, арғы жағында, сол деңгейдегі тамыр-таныс, туыс-туыстарының мойыны қылтиып шығып тұрады.
фото: zonakz.net, видеодан скриншот
фото: zonakz.net, видеодан скриншот

«Кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін!» деп етегі жасқа толған ауыл мұғалімінің жанайқайы қазақстандық БАҚ мен әлеуметтік желіні дүрсілкіндіргені жасырын емес. Артынша әлгі мұғалімнің үй ішінде «басқаша сайрап» отырғаны жайлы видеосы (осы сілтеменің комментарийінде) тараған болатын. Осы орайда, қоғамдық өзекті мәселелер туындаған жағдайда үнсіз қалмайтын белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров мұғалімнің абыройын айрандай төккісі келгендерге сөзбен дүрсе қоя берді. Ол "Жергілікті билік мұғалімнің ар-ұжданын, қадір-қасиетін неге түсіреді?" деп көпшілікті алаңдатқан оқиғаға қатысты өткір сауал қойып отыр. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.

Саясаттанушының пайымдауынша, мұғалімнің айтқаны дұрыс көрінеді. Мәселен ол, мұғалімдердің халі туралы "шындықтың көрпесін титтей ашқан" жас мұғалімді қаралау, оның абырой-беделіне нұқсан келтіру дұрыс еместігін Facebook парақшасындағы жазбасы арқылы жеткізді.

"Желіде Алматы облысында еңбек етіп, еліміздегі сандық технологияның қиямет-қайымын көріп жүрген мұғалім қарындасымыздың жанайқайы шыққан болатын. Іле-шала, сол қарындасымыз "өзін- өзі әшкереледі". "Бәрі жақсы. Бозторғай заманға жақындадық" деп елден кешірім сұрады. Әрине, бұның артында жергілікті (аудандық, ауылдық) әкімшілік тұр. Ұрысты, мектеп директорымен сөйлесті дегендей. Ал енді, сол қарындас қандай мемлекеттік құпияны ашып қойды? Ол "кедейміз" деді. Кедей екеніміз, жаппай кедей екеніміз өтірік пе? Біздің халық кедей тұрады. Карантин осыны көрсетті. Ал енді, сол кедейшіліктің себебімен айналысып, бір жағына шығудың орнына, Алматы облысы әкімшілігі анау қарындасты "сындырып", өңін айландырып қойған! Моральдық құлдырау дегеніміз осы!", - деді саясаттанушы.

Сондай-ақ, ол бір проблема туындай қалса, оның себеп-салдарын анықтаудың орнына, сол мәселе жайлы айтқан адаммен арпалысып кететіндерге сын садағын қадады.

"Бізде бәрі виртуалды. Цифрлық технология виртуалды, "дипломмен ауылға" виртуалды, мұғалімнің мәртебесі виртуалды.

Сол үшін анау ауылдағы шырылдап отырған, шындықтың көрпесін титтей ғана ашқан мұғалім кінәлі. Өкінішке орай, осынау мемлекеттік проблеманың себебін анықтаудың орнына, оның салдармен, қаршадай бала, бұғанасы қатаймаған жас мұғаліммен айналысамыз.

Неге жергілікті әкімшілік ауылда "вайфай неге жоқ?" деп дабыл қақпайды? Неге "күнделік" мәселесімен айналыспайды? Өйткені бұл жүйелі проблема, арғы жағында, сол деңгейдегі тамыр-таныс, туыс-туыстарының мойыны қылтиып шығып тұрады. Мұғалімді тұқыртып, ар-ожданын түсіріп, шығарып қою оларға жеңіл. Ол мұғалімнің қорғаны жоқ. Жалғыз, қасында жолдасы да жоқ.

Сол жердегі шалбар киіп жүрген жігіттер осы видеоны шығарарда өздерінің ұятқа қаларын түсінді ме екен? Алматы облысының әкіміне Баталовқа, мемлекеттік қызмет агенттігіне осы видеоның шығу тарихы бойынша қызметтік тексеру жүргізіп, мұғалім қарындасты мәжбүрлеген мемлекеттік қызметкерлерді заңды түрде бағасын беруі қажет!

Мұғалімнің ар-ұжданын таптауға жол жоқ! Сол жердің жігіттері, анау үрімдей қарындасты отырғызып қойып, өзін-өзі төмендеткенін көріп тұрмай, жерге кіріп кетпейсіңдер ме? Моральдық, рухани бопсалау да құқықтық мәселе, біле білгенге", - деп естіген құлақтап есеп, қарымта жауап күтетіндігін жазды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары