$ 444.22  476.38  4.82

Елорда іргесіндегі ауыз суға жарымаған ауылға тасқын су қаупі төніп тұр

Ал ауыл әкімі Саят Каханов: «3-4 суткада мүлде жұмыс тоқтамады. Работа проводится круглосуточном режиме», - деп отыр.
фото: emer.gov.kz
фото: emer.gov.kz

Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының бірнеше шағын ауданына судан қауіп төнді. Ауыл жұртшылығы үйден шыға алмай қалдық деп отыр. Былай жалғаса берсе, су аулаға ғана емес, үйге де кіретінінен қауіптенеді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Амалы таусылған халық әкімдікке де хабарласқан. Алайда, ешқандай көмек көрсетілмеді деп отыр. Ауыл әкімі көшелерді көлкіген судан тазартамын деп күнде құрғақ уәде берумен шектеледі екен. Ал Жұмагүл Қожахметова үшін апат өзгелерден көбірек қиындық туғызыпты. Себебі, ол мүгедек қайнысын күнде қаладағы ауруханаға апаруы қажет.

«Мен ана кісіні қалай апарамын? Күйеуім болса, көтеріп апарар едік. Өздері келіп, әкім бір рет көмектесті алып баруға, одан кейін қалды бәрі. Жол да ашылған жоқ», - дейді Жұмагүл Қожахметова.

Ағын судың тереңдігі кейбір жерлерде жарты метрге дейін жетеді. Өйткені, бұл учаске ойлы жерде орналасқан. Ол аздай, бірнеше шағын ауданда ауыз су да жоқ. Жұрт біраз жылдан бері не су берілмеді, не жол салынбады деген базынасын да жеткізді.

«Су сататын магазиндерден сатып аламыз. Машинасы барлар көп алып алады. Ал машинасы жоқтарға мүлде қиын. Технический су үйде бар. Оны іше алмаймыз, ащы су», - дейді ауыл тұрғыны Ғабдұлнасыр Қабиденов.

Халық ешқандай техника жұмыс істемей тұр десе, ауыл әкімі олардың сөзін жоққа шығарды. Оның сөзінше, Қараөткелді судан тазарту үшін 30-дан астам техника жұмылдырылған. Тіпті, көмекке Нұр-Сұлтаннан да төтенше жағдай қызметкерлері шақыртылыпты.

«Өздеріңіз көрдіңіздер, ЧС мамандарынан да естідіңіздер. 3-4 суткада мүлде жұмыс тоқтамады. Работа проводится круглосуточном режиме», - деді әкім Саят Каханов.

Ауыл әкімі ауа райы тұрақты болса, судан бір жұмада құтыламыз деп отыр. Ал көпті алаңдатқан ауыз су мәселесі қашан шешілетінін оның өзі айта алмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары